Астанадан шығатын және келетін барлық жолдар жабық

Көктайғақ пен қатты желдің болуына байланысты Астанадан шығатын және келетін барлық жолдар жабық.

6 бекетте 40-тан астам полиция қызметкері жолды бақылауға алды. Олар жолда абай болуға шақырады. Себебі, таңнан бері  80 жол апаты тіркелген. Арасында жарақат алғандар да бар. Мәселен, Астана-Көкшетау бағытындағы жолда көліктер бірнеше сағаттан бері кезекте тұр.

Дәулетбек Әбішев, Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің штаб бастығы:

- Бүкіл осындағы машиналардың бәрі кері қайтарылып жатыр. Өйткені, алдыдағы жол гололед, қатқақ байқалуда және көру нәтижесі нашар болғандықтан кері қайтарылып жатыр.  Халық түсінеді ғой өздерінің қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Халық түсініп, қабылдап жатыр.

Синоптиктер алдағы күндері елдің басым бөлігінде ауа райы қолайсыз болады деп болжап отыр. Жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұған қоса солтүстік аймақтарда қар аралас жаңбыр жауады.

Махамбет Маратов, "Қазгидромет" РМК инженер синоптигі:

- Қазақстанның басым бөлігі әлі күнге дейін циклон ықпалында болады. Жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Қатты жауын-шашын,  жаңбыр және қар түрінде 23 қараша оңтүстікте   оңтүстік-шығыста, 23-24 қарашада солтүстік-батыста, 24 қараша күні солтүстікте күтіледі. Кезеңнің аяғында ғана оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және орталықта ауа райы біртіндеп тұрақталады.