Ақтауда «МАЭК» ЖШС қарасты су каналдары тереңдетіліп жатыр

Келер жылы Ақтауда ауызсу мен қуат көзіне тапшылық мәселесі шешіледі, деп хабарлайды 24KZ. Қазір Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) су каналдары тереңдетіліп жатыр. Жоба аясында теңізден күнделікті су алынатын жер аумағының түбі 3 метрге дейін қазылады. Бұл жұмысты 2025 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланған.

Ақтау – Каспий суын тұщытып ішетін еліміздегі жалғыз қала. Энергетикалық кәсіпорын теңіз суын екі каналмен алып, табиғи газ жағу арқылы қазандықта қайнатады. Алынған бу турбиналарды айналдырып, энергия өндіріледі. Одан әрі дистиллят бірнеше кезеңді сүзгілеуден өткен соң ішуге жарамды болады. Жұмыс процесіне соңғы кезде Каспий деңгейі күрт төмендеуі кері әсер еткен. 2023 жылы қала билігі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

Самат Қылышбай, қалалық құрылыс бөлімінің маманы:

- Каспий теңізінің тартылуы салдарынан МАЭК кәсіпорнының каналы арқылы келетін су мөлшері азаюы орын алған болатын. Аталған мәселе бойынша қала әкімдігі мен мердігер мекеме арасында келісімшарт жасақталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың қаңтар айында.

Қазір №2 жылу электр орталығына су жинайтын каналдың түбі тереңдетіліп жатыр. Су арнасының ұзындығы 560 метр, ал ені 20 метр. Өткен жылдары қытымыр қыста мұндағы су қатып, салдарынан кәсіпорын қуаты төмендеген еді. Мамандар жобалау кезінде осыны ескеріп, канал түбін 3 метрге дейін қазуды ұйғарған. Бүгінде 5 мың текше метрдей топырақ алынды.

Марат Сюнников, жоба жетекшісі:

- Қазу жұмыстары алдында жер аумағы тексерілді. Нәтижесінде ТЭЦ-2 жылу электр орталығына теңіз суы келетін каналдың мүлдем тайызданып кеткенін көрдік. Қазір тереңдігі 1,5 метрден сәл асады. Сондықтан канал түбін тереңдетуді қолға алдық. Келісімшарт аясында 23 515 текше метр топырақ шығаруымыз керек. Жоспарлы мерзімде аяқтаймыз деп ойлаймын.

Маэк комбинатына су жинау каналдары арқылы теңізден сағатына 2 мың текше метр су алынады. Аязды күндері мұз қатқан жағдайда оның көлемі азайып, өз кезегінде энергокомбинат құрал-жабдығына нұқсан келуі ықтимал. Сондықтан қазу жұмыстарын жедел жүргізу үшін оннан астам жұмысшы және 6 техника тартылды.

Айта кетсек, бұған дейін су каналдары теңіз балдырынан тазартылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.