Елде ІМЕІ коды тіркелмеген телефондар бұғатталады

Елде ІМЕІ коды тіркелмеген смартфондар бұғатталады. Бұл талап биыл 24 наурыздан кейін шекарадан кіргізілген телефондарға ғана қатысты. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, ұялы байланыс құралдары ақ, сұр және қара тізімге енгізіледі.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен ІМЕІ коды қайталанған 3,7 млн құрылғы бар. Сауда орындарына барып, сатушылардан да сұрап көрдік. Айтуларынша, келген тауарларды дерекқордан ешкім тексеріп жатпайды.

Нұрсұлтан Ережепов, телефон жөндеуші, сатушы:

- Бізге көбінесе Дубайдан келеді қазіргі таңда. Ресми түрде келетін телефондар да бар. Жоқ, жаңа телефондарды ІМЕІ арқылы тексермейміз. Телефонның расходниктерін ауыстыратын болса, мысалы, дисплейін, батареясын, ол кезде қалады ІМЕІ. Егер төлемі жарамай қалған жағдайда басқа телефоннан қоюға мәжбүр болуы мүмкін. Сол кезде ғана ауысады серийный номер.

Смартфондардың шетелден заңсыз кіргізілуі салдарынан мемлекетке жыл сайын 100 млрд теңге көлемінде қосымша құн салығы төленбеген. Мәжіліс депутаты осылай дейді. Екатерина Смышляеваның айтуынша, мобильді құрылғылар нарығындағы көлеңкелі бизнестің үлесі 64%-ке жетіп отыр.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тексеру үрдісі автоматты түрде жүргізілуге тиіс. Яғни тауардың қаншалықты заңдылығын анықтау үшін тұтынушылар сарсаңға түспеуі керек. Сонымен қатар жаңа өзгеріске қатысты бұйрықпен ғана шектелмеу қажет. Негізгі мәліметтер кеден органдарында жатыр. Сондықтан бақылау сол жерде күшейтілуі керек.

Саладағы өзгеріс қолданыста жүрген телефондарға мүлде қатысы жоқ. Ол құрылғылардың барлығы ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады.  Жауапты министрліктің мәліметінше, елге 24 наурыздан кейін кіргізілген смартфондар үш сатыға жіктеледі. Барлық дерегі заңды құрылғылар ақ тізімге, шығу тегі күмәнді гаджеттер сұр тізімге, ал тіркелмегендері қара тізімге енеді.

Азамат Серіктаев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы:

- «Сұр» тізімге енгеннен кейін біз 30 күндік мерзім ішінде абонент өзінің құрылғысының заңдылығы туралы мәліметтерді бере алмаса, автоматты түрде «сұр» тізімнен «қара» тізімге кетеді. Сатушының және сатып алушылар өздерін қорғау мақсатында біздер онлайн сервисті іске асырамыз. 24 наурызда ол сервис жүзеге асырылады. Ол сервиске әр азамат ІМЕІ кодты енгізу арқылы телефонның заңды немесе заңсыз түрде кіргені туралы ақпарат ала алады.

Заң күшіне енгеннен кейін сатып алынған смартфондардың иелеріне құрылғының статусы жайлы хабарлама жіберіледі. Саладағы бұл жаңашылдық сауданы заңдастырудан бөлек, тіркеу жүйесін одан әрі жақсартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және алаяқтықпен күресуге бағытталып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев.