Қызылорда облысындағы су айдындары жасанды түрде оттегімен байытылып жатыр
Қызылорда облысындағы өзен-көлдерде балыққа оттегі жетпей, жаппай қырылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Себебі, мұз қалыңдап, су айдындарының бетін тұтас жауып тұр.
Табиғат жанашырлары мен сала мамандары қазір мұзды ойып, жасанды түрде оттегімен қамтып жатыр. Ал бұл мәселені толық шеше ме?
Жеке кәсіпкер Иіркөлді 5 жыл бұрын жалға алған. Көлден жылына 10 тонна балық аулап, қалаға апарып сатады. «Су маржанына қолайлы жағдай жасау үшін тиісті санитарлық шаралар жыл бойы атқарылады», - дейді кәсіпкер.
Сағатбек Бегімов, кәсіпкер:
- Балықты жылда осы күз айында саламыз әкеліп. Күріштіктен, Аралдан, Меркеден сертификатталған балық әкеліп салып өсіріп жатырмыз. Арнайы прудтар бар, шағын-шағын. Ертең көктемде көлге шығарамыз балықтардың бәрін. Күзде өзіміздің қаланың сөрелеріне шығарамыз.
Көлде сазан, дөңмаңдай, ақамур секілді балықтың 6 түрі бар. Мамандар майда шабақтың жетілуі үшін судың тазалығын сақтап, жемін уақытылы береді. Ал су айдынын қалың мұз жапқан кезде оттегімен қамту жұмысы жүргізіледі.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Иіркөлдің аумағы 50 гектар. Мамандардың айтуынша, мынадай ойықты неғұрлым жиі жасау қажет. Сол кезде балықтың тіршілігіне қолайлы болады. Қамысты қадаудың да себебі бар. Бірінші – оттегі мына түтікше арқылы өтетін болса, екінші – түнде адамның қауіпсіздігі үшін маңызды екен.
Жасұлан Сейіткереев, Арал-Сырдария облысаралық бессейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Қызылорда облысы бойынша 200-ден астам су айдындары бар. Оның ішінде әрқайсысына 30-40 тың арасында көлемі мен ауданына қарай ойықтар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 3500-ге жуық ойық ойылып тұр.
Өңірдің оңтүстік аудандарында мұздың қалыңдығы 20 сантиметр болса, солтүстікте 40 сантиметрден асқан. Бүгінде өңірдің барлық су айдынында мұз ойып жатыр. Табиғат байлығын пайдаланып, сақтауға қатысты кәсіпкерлерге тиісті ескерту жасады.
Әмит Жанайдар, Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің маманы:
- Қала бойынша Қызылордаға қарасты жеті көл бар. Иіркөл, Жаманкөл, Айнакөл, Қызкеткен деген көл бар. Көлдің тазалығына бірінші, сосын Қазақстан Республикасында тиым салынған Қытай ауына, егер сол ау болса көлдің егелеріне ескерту жасалып, үшіншісінде көлді тартып алуға балық инспекциясы шара көреді.
«Балықты қорғауға қатысты мұндай жұмыстар иесіз су айдандарында да жалғасады», - дейді инспекторлар. Бұл шараларға еріктілер де қатысуға ниет білдірген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев