Ақтөбе облысында асылтұқымды жылқы көбейді
Ақтөбе облысында асылтұқымды жылқы басы 3 мыңға артты, деп хабарлайды 24kz.
Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары малдың да санымен қоса сапасына көңіл аудара бастаған. Бұл – нарықтың сұранысы.
Өңірге Құтпан айғыр іздеп келетіндер көп. Мамандар: «Асылтұқымды мал басын көбейтуге мемлекеттен қолдау болса», - дейді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Қазір Ақтөбе облысында асылтұқымды жылқысы жоқ шаруа қожалығы кемде-кем. Кәсіпкерлер қарабайыр аттардың үйіріне айғыр қосып, асылдандыруға кіріскен. Негізінен Мұғалжар тұқымы кең таралып жатыр.
Малды асылдандыруды кәсіп еткен бұл шаруа қожалығында жылқының бірнеше түрі бар. Жабы аттармен қатар Көшім мен Мұғалжар, Орлов сияқты шоқтығы биік, ірі әрі етті жылқылар қатар жайылады. Малдың жайын білетін шаруалар: «Мұғалжар тұқымынан өсім мол», - дейді.
Жанарыс Жұмағалиев, шаруа қожалығының қызметкері:
- Тебінде жүреді көбіне. Семіртсе ғана ауылға әкеліп, қамап семіртеді. Мұғалжарлар тез оңалады. Екі айда олар союға келеді. Қазыларын мол береді. Басқа тұқымдарына қарағанда.
Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасына Ақтөбе облысынан 24 шаруа қожалығы тіркелген. Дегенмен мамандар: «Асылтұқымды жылқы өсіріп отырғандар саны әлдеқайда көп», - дейді. Себебі нарықта сұраныс бар. Жабы аттарға қосамын деп өзге өңірден айғыр іздеп келушілер қатары жыл санап артып келеді.
Қалыбек Рзабаев, Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдарының республикалық палатасының директоры:
- Мұғалжар тұқымы қатты сұраныста тұр. Басқа қай елді мекенге барса да, ол өз өзін көтеріп жүре алады. Жағдайы жетеді. Былтырдың өзінде 400-дің үстінде жылқы сатылып кетті. Оның ішінде байталы да бар, айғырлары да бар. Жас айғырлар.
Өңірде 320 мыңнан астам жылқы болса, 11 мыңнан астамы асылтұқымды. Мемлекет тарапынан қомақты қолдау болса шаруалар жайылымды тұрқы ірі, тұқымы түзу құнан-байталға толтыруға ниетті. Алайда қазір субсидия тек айғырға ғана төленіп отыр.
Панабек Бимұратов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Енді ол 15 жылдан бері өзгермеген субсидия нормативі. Енді депутаттар сөз қылып жатыр. Неше жылдан бері субсидия нормативі өзгерген жоқ, қайта инфляция не болып жатқан. Мүмкін алдағы уақытта норматив көбею жағына өзгеруі мүмкін. Сонымен бірге осы субсидиялау қағидасына өзгерістер еніп осы 2025 жылдан бастап мініс жылқысына қолдау көрсетіле бастады.
Жазғытұры Ақтөбеде қазақ жылқылары көрмесі өтеді. Жабы мен Мұғалжар, Көшім тұқымдарынан бөлек мініс жылқылары – Адай және Қостанай арғымақтарын да тамашалауға болады. Асылтұқымды тұлпарлар аукционы да ұйымдастырылып, малдың төресін сатып алуға болады. Бұл жылқы басын көбейтуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов