Шүлбі су станциясы су тасқыны кезеңіне дайын
Абай облысындағы Шүлбі су станциясы көктемгі су тасқынына дайын, деп хабарлайды 24KZ. Мамандар автоматтандырылған жүйе арқылы су деңгейін бақылап отыр. Өңірде 95 гидротехникалық нысан бар. Тасқынның алдын алу үшін бөгеттерді жөндеу және механикалық жүйелерді реттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Шүлбі су станциясындағы тоннелдер 56 метр тереңдікте орналасқан. Су көлемін бақылау үшін мұнда 500-ге жуық датчик орнатылған. Бардық ақпарат бір орталыққа түседі. Сол бойынша мамандар су деңгейін бақылап, мониторинг жасайды.
Анастасия Ходакова, су станциясының инженер-гидротехнигі:
- Бізге алдын ала кесте беріледі. Сол ақпарат бойынша біз көктемгі су тасқыны қай кезде басталатынын біліп отырамыз. Оның қандай режимде болатынын және біз қалай жұмыс істейтінімізді жоспарлаймыз. Біздің қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық дайындық жұмыстары алдын ала жүргізіледі.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Дәл қазір мен тұрған жер – Шүлбі су станциясының ең маңызды нысаны. Барлық алты гидроагрегат бойынша ақпарат осы жерге келіп түседі. Басты басқару орталығында қазір екі ауысымда бес адамнан жұмыс істейді.
Тамара Воробьева, басқару орталығының маманы:
- Барлық ақпарат осы жерде жиналады, қандай да бір жұмыс жүргізу үшін біз барлығын жіті тексереміз, тек содан кейін ғана рұқсат береміз. Гидротехникалық құрылғылардың жағдайы бақылауда. Көктемгі су тасқыны кезінде жұмыс көлемі екі есе көбейеді.
Шүлбі гидроэлектростанциясы – Қазақстандағы ең қуатты нысанның бірі. Су қоймасы екі миллион текше метрден астам су жинай алады. Гидроагрегаттардың көмегімен Ертіс өзеніне күніне шамамен 600 текше метр су жіберіледі. Мамандардың сөзінше, көктемгі су тасқыны кезінде бұл көрсеткіш 3 мыңға жетеді.
Виктор Шестаков, гидротехникалық жабдықты жөндеу шебері:
- Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынына дайындалып жатырмыз. Бесінші гидроагрегат ағымдағы, ал алтыншы гидроагрегат күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Бүгінде Абай облысында 95 гидротехникалық нысан бар. 2030 жылға дейін тағы бес бөгет салу жоспарланған. Жаңадан салынатын су қоймалары 156 млн текше метрден астам су жинай алады. Олар Үржар, Ақсуат және Көкпекті аудандарында бой көтереді
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.