«Ата жолы» картасының артықшылықтары қандай?
Этникалық қазақтарға Қазақстанда 10 жыл тұруға және жұмыс істеуге құқық беретін 65 «Ата жолы» картасы берілді, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде елде кәсібін дөңгелетуге дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алса, сұраныстағы мамандарға 38-і берілді. «Ата жолы» жобасы қалай жұмыс істейді және бұл карта қандастарға не береді? Бұл туралы келесі материалда.
«Ата жолы» картасы арқылы дүние жүзіндегі этникалық қазақтар тарихи Отанына оралып, толыққанды өмір сүру мүмкіндігін алады. Карта иегерлері елге кіргеннен бастап 10 жыл тұруға рұқсат беріледі. Осы аралықта қандастар жұмыс істеуге, оқуға немесе бизнес жүргізуге құқылы. Айтпақшы, олар қоныстану өңірін өздері таңдайды. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға сол елдің азаматтығын сақтай отырып, беріледі.
Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің бас сарапшысы:
- 2023 жылы этникалық қазақстарға тарихи Отанымен байланысты нығайту үшін «Ата жолы» картасын енгізілді. Бұл құжат бизнес-иммигранттар мен сұраныстағы мамандық иелеріне беріледі. «Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие. Олар да әлеуметтік төлемдер, кепілдендірілген медициналық көмек алып, ел аумағында сұраныстағы мамандықтарда жұмыс істеп, кәсіппен айналыса алады.
«Ата жолы» картасын алушылар ішінде инженер-физик, инженер-математик,технологтар, хирургтар бар. Олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды секілді мемлекеттерден келді. Бірақ «Ата жолы» картасын алам деушілерге жіті текксеруден өтеді.
Дина Темірболат, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің бас сарапшысы:
- 2023 жылдан бері «Ата жолы» картасын алуға 124 өтініш түскен. Оның ішінде 65 этникалық қазақ картаны алды. Ал жыл басынан бері тағы 2 адам бизнес-иммигрант ретінде осы картаны иеленді. Кейде қажет құжаттардың болмауы немесе этникалық ұлтқа қатысы жоқтығынан өтініштердің қабылданбауына себеп болады.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, тарихи Отанына оралғандар мен олардың отбасы мүшелері жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға да құқылы. Бірақ мұндай жағдайда карта жарамсыз болып қалады. Бүгінде бейінді министрлік картаны беру механизмін жетілдірумен айналысып жатыр. Бұл этникалық қазақтарға елге оралу тектіктерін жеңілдетпек.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Гүлнәр Хасан