Темекі бағасы қымбаттады

Қаңтардың бірінен бастап темекі бағасы тағы қымбаттады.

Жауапты органдардың шешіміне сәйкес ең арзан темекі енді 630 теңгеден саудаланады. Ал салада жүрген кәсіпкерлердің айтуынша, бұл сома 650 теңге шамасында болуы керек. Өйткені бұл өнімдер негізінен шетелден әкелінеді. Ал қазіргі валюта бағамы темекі құнын бір деңгейде ұстап тұруға келмейді.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, елімізде 4 миллионға жуық адам темекі тартады. Алайда бұл тек ресми ақпарат. Шын мәнісінде олардың саны әлдеқайда көп. Сәйкесінше мұндай өнімге деген сұраныс та әрдайым жоғары. Темекі бағасы қанша қымбаттаса да, оны сатып алатындар қатары азаяр емес. Бірақ кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, оның қымбаттау себебі басқа.

Әміржан Қалиев, "Қазалкотабак" қауымдастығының президенті:

- Біз бизнес әр пачканың бағасы 650 теңгеден кем болмауы деп ұсындық. Ең төменгі баға адал темекі өнімдерін әкелетін компаниялар, өндірістегі затраталар, шикізаттар, расходтар, 10-15 процент пайдасы бар. Күрделі саудада розничный торговляда қосатын үлесі ең төменгі баға қандай екенін көрсетеді. 

Темекінің қымбаттауына акциз бағасының өсуі де әсер етіп отыр. Бұл норма жақында Мемлекет басшысы қол қойған Салық кодексінде қарастырылған. Жауапты ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай шешім темекі тартатындар санын азайтуға бағытталған.   

Жазира Мыңбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігі департаментiнiң бас сарапшысы:

- 2023 ж 1 қаңтарынан акциз ұлғайтылады. 2022 жылы 100 000 дана фильтрлі сигаретке 12 300 теңге акциз қарастырылса, 2023 ж бастап 1000 дана фильтрлі сигаретке 14 100 теңге акциз мөлшерлемесі болады. 2024 ж бастап 1000 дана фильтрлі сигаретке 15 900 болады. Қазір халықтың арасында қыздырылған сигаретке де акциз мөлшерлемесі ұлғайтылады.

Қазақстандықтар темекінің қымбаттауына байланысты түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі мұндай шара қабылданса да, ешкім темекіні қойып кетпейді деген ойда болса, басқасы керісінше, балалар үшін бұл өнім қолжетімсіз болуы қажет дейді.

БЛИЦЫ:

  1. Менің ойымша, қымбаттағаны дұрыс емес деймін. Темекіні қымбаттатып адамдарға қойдырамыз дейді. Дұрыс емес. Одан адамдар қоймайды. Басқа жағынан қарастыру керек.
  2. Менің ойымша, темекі бағасы қымбат болғаны дұрыс. Сонда жастар оны сатып ала алмайды. Темекіге тәуелді ересек адамдар да оны сатып алмас бұрын ойланар.))

Темекі қымбаттайтын болса, жастар арасында кеңінен тараған вейптерге мүлдем тыйым салу туралы әңгімелердің айтылып жатқанына біраз уақыт болды. Депутаттар Парламентте бұл мәселені жиі көтереді. Бірақ оған қатысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Салада жүрген кәсіпкерлер оған түбейгелі қарсы. 

Ринат Шамерзаев, қазақстандық вейпинг қауымдастығының атқарушы директоры:

- Егер вейпқа тыйым салынса, онда темекіні де сатпау керек. Неге біз тұтынушыға таңдау бермейміз? Вейппен айнласатын дүкендер көп. Олар өз жұмысын заңға сай жүргізіп жатыр. Салықтарын төлейді, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Қолдарында өнімнің сапасын растайтын сертификаттары бар. Ертең бұл дүкендер жабылса, нарықта тек жалған тауар сататындар қалады.

Қазалкотабак қауымдастығы да тыйым салудан гөрі басқа шараларды қолға алған дұрыс болады деп есептейді.

Әміржан Қалиев, "Қазалкотабак" қауымдастығының президенті:

- Заң бойынша ол темек өнімі. Ашық сатылмауы керек. Кассаның қасында жатпауы керек, шымылдықтың артында тұруы керек. Ол жасы 21-ге толмағандарға сатылмауы керек. Сол заңды орындау керек. Біз  анықтама хат дайындадық сауда орындарына таратып жатырмыз. 

Сондай-ақ ұйым өкілдері жарияланған мараторийге қарамастан, темекі өнімдерін сататындарды жоспардан тыс тексеру туралы ұсыныс жасады. Сол арқылы заңды бұзғандарды тәртіпке бағындырамыз, дейді олар.

Дариға Ташенова, Артур Горшняков