Шетелдік автокөліктерді заңдастыру 23 қаңтардан басталады

Қазақстан азаматтары шетелдік есептегі жеңіл, басқаруы оң жақтағы және шағын жүк көліктерін, сонымен қатар орта сыйымдылықтағы автобустарды заңдастыра алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзгерістерге сәйкес машина иелері утилизациялық алым төлемейді. Тек алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге мөлшеріндегі бір реттік төлем жасайды. Тіркеу жұмыстары Үкімет бекіткен ережелер мен талаптарға сай жүргізіледі.  

Біріншіден, көлік ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінуі керек, әрі ол іздеуде болмауға тиіс. Сондай-ақ басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет және кедендік тазар-тудан өтуі керек. Азаматтар заңдастыру туралы өтінімді халыққа қызмет көрсету орталығында бере алады. Бұдан бөлек, өтінішті электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы жіберуге болады. Азаматтардан  жеке басты куәландыратын құжат, өтінім, көлік құралының төлқұжаты немесе тіркеу туралы куәлік, сонымен қатар көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат талап етіледі. Шетелдік көліктерді заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасады.

Заңдастыру үшін талап етілетін ережелер:

- Автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек; 

- Криминалдық есепте болмауы керек; 

- Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуға тиіс;

- Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі қажет.

Азаматтар заңдастыру туралы өтінішті :

- е-gov.kz электронды үкімет порталы арқылы;

- Екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы;

- ХҚКО-ның “Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы” арқылы өтінім бере алады.

Азаматтардан төрт құжат талап етіледі:

- Өтінім;

- Өтінім берушінің жеке басын куәландыратын құжат;

- Көлік құралының паспорты немесе тіркеу туралы куәлік;

- Көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.