Шоқан Уәлихановқа қатысты тың дерек табылды

Шоқан Уәлихановқа қатысты тың дерек табылды

Семейлік өлкетанушылар әйгілі ғалым қонақ болған үйді анықтады.

Ғимараттың салынғанына 160 жылдан асса да, әлі күнге дейін тамаша сақталған. Атақты саяхатшы осы үйге жазушы Федор Достаевскиймен бірге келіп жүрген. Ал үй иесі, көпес Мир-Құрбан Аюпов даңқты тұлғамен қауіпті саяхатқа бірге барып, керуеннің барлық шығынын өзі көтерген. Тіпті, географтың Әлімбай есімін алуына да тікелей ықпал еткен деген болжам бар.

Тоқсан жасқа аяқ басқан қария, өлкетанушы Шафкат Файзуллин  Семейдің кезінде татар слободасы, қазір «Таткрай» аталатын шағын ауданындағы әр ғимараттың тарихын жақсы біледі. Әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов 1858 жылы Қашқар сапарына барғанда жанына 10 ай, 14 күн серік болған семейлік көпес Мир-Құрбан Аюпов туралы тұщымды деректі осы кісінің аузынан естідік. Мұны білетін жөні де бар. Себебі, ақсақалдың атасы Мұхамед Кәрім өз заманында сауда-саттықпен айналысып, екінші гилдиялы көпес болған.  

Шафкат Файзуллин, өлкетанушы

- Мир-Құрбан Аюпов дүкен де ашқан. Сауда жасаған. Ол кезде Семейде ағаш үйлер көп болған. Өрт те көп болған. Бұқаш көпес қорқып, кірпіштен тағы бір үй салған. Қызыл кірпіштен тұрғызған. Алты бөлмесі болған. Шоқан бұл үйде болған. Ол орысшаға да, қазақшаға да жүйрік болған. Қашқарға барғанда білмесін деп қазақы киім киген. Былайша айтқан,да барлауға барған.

Сауда жасаудағы табандылығына қарап халық Бұқаш деп атаған көпестің екі қабатты, алты бөлмелі, 11 терезелі үйі мемлекет тарапынан қорғалатын ескерткіштер тізіміне алынбаса да, тамаша сақталған.  

Шоқанның атақты ғалым, әйгілі саяхатшы ретінде танылуына Қашқар сапары әсер еткені мәлім. Ал сол қауіпті де, даңқты сапар кезінде оған Әлімбай лақап атын беру идеясы дәл осы үйде туған деседі.

Семейлік өлкетанушылар мен тарихшылар Шоқан Қашқарға барғанда жамылған лақап ат Әлімбай есімінің берілуіне Бұқаштың қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі, көпес Қашқардан келетін саудагерлердің бәрін дерлік жақсы білген.

Мұхтарбек Кәрімов, тарихшы:

- Мир-Құрбан Аюпов 19 ғасырдағы Семейдің көрнекті тұлғаларының бірі. Үлкен саудагер. Қоғамдық істерге мол араласқан адам. Шоқанға үлкен көмек көрсеткен. Қазақ пен татар оны Бұқаша, Бұқаш деп атаған. Ел Бұқаш атымен білген. Архаттың ішінде алған жері болған. Кейін жергілікті халықпен қайшылық болған соң тастап шыққан.  

Мир-Құрбан Аюпов Шоқан Уәлиханов Қашқар сапарына барғанда керуенді жабдықтауға зор үлес қосқан. Керуенде 6 киіз үй, 101 түйе, 65 ат және құны 18 545 күміс сомдық тауар болғанын саяхатшының өзі де есебінде жазған.

Мұхтарбек Кәрімов, тарихшы:

- Кезекті сауда керуенін, бәленбай түйесі бар, мінетін аттары бар, соны Семейде жабдықтаған. Шоқан керуенді Жетісу облысының Ақсу ауданының жерінде, Қапал маңында күтіп жатқан. Сол жерден Әлімбай деген атпен қосылған. Бұқаштың өзі Шоқанды жақсы білген.

Марат Сасанов, өлкетанушы:

- Шокан Валиханов хлопотал чтобы росийская правительство отметил заслуги Мир-Курбан Аюпова Шоқан Уәлиханов оның еңбегін ескерусіз қалдырмай, марапатқа ұсынған. Ол патшадан 600 рубль күміс алған. Хорунжий шеніберілген. Абай ауданы аумағынан мың десятина жер кескен. Генерал губернатор Гасфорт пен Федор Достаевский онымен кездескенін жазған. Бәкене бойлы, арық келген, сақалды адам болған делінеді. Шынын айтқанда, бұл адам туралы дерек аз.

Мир-Құрбан Аюпов туралы дерек аз болғанымен тұлға өміріне қызығушылар көп. Мәселен, 2016 жылы семейлік өлкетанушылар арнайы ұйымдастырған экспедиция барысында көпестің тұрған қыстағы табылды. «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасановтың айтуынша, қыстақ орнынан ерекше жәдігер - Қашқар монетасы шығыпты.

Марат Сасанов, өлкетанушы:

- Расында, ешқайда кездеспейтін сирек жәдігер. Қоладан жасалған монетада араб қаріптері бедерленген. Мир-Құрбан Аюпов мұны Қашқарға барған сапарында алып келген болуы керек.  

Семейде көне заманның көзіндей болған тарихи ғимараттар аз емес. Жойылу қаупі төніп тұрғандары да бар. «Мұндай нысандарды тезірек мемлекет қамқорлығына алу керек» дейді жергілікті өлкетанушылар.  

Толқын Берікбекова, Абай облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекет қорғауына алуды қажет ететін ғимараттар бар. Жергілікті өлкетанушылар мен ғалымдар өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Оның бәрі жинақталып тізімге енгізіледі деп ойлаймыз.

Мәдениет басқармасының мәліметінше, Абай облысында 423 мәдени-тарихи ескерткіш бар. Семейде 36 сәулет ғимараты жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізіміне енген. Осы нысандарды қорғау, сақтау мақсатында өңірде арнайы коммиссия құрылған.