Ақтөбе жастары баспаналы болуға жаңа мүмкіндік алды
Ақтөбеде жастарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарламаның алғашқы жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңірде тұңғыш рет қолға алынған жоба аясында 40 азамат жеңілдетілген несиеге пәтер рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл мақсатқа екінші деңгейлі банк пен облыстық бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінген. Жастар ресурстық орталығы өкілдері мыңнан астам өтініштің түскендігін айтып отыр. Онлайн режимде іріктеу жасалып, алғашқы үміткерлер белгілі болды. Комиссия жинақтау қорында бастапқы жарнасы бар, көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік қызметте еңбек ететін азаматтарды іріктеген. Бұдан бөлек, еңбек өтілі де есепке алынды. Биыл «Ақтөбе жастары» бағдарламасы аясында тағы 100 пәтерге өтініш қабылданбақ.
Азат Оразалин, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:
- 40 адам үміткер болып анықталды және 20 адам резервте тұр. Қазір ол адамдардың барлығы банкке барып, өзінің құжаттарын тағы бір мәрте тексертіп, өздеріне қажетті үйді іздестіретін болады. Жалпы несиенің проценттік ставкасы – 5%, 23 жылға дейін беріледі. Максималды сумма бізде 15 млн-ға дейін.