Ақтөбе облысындағы элеватор жұмысы қайта жанданды
Еліміздің батыс өңірінде 10 жылға жуық қаңырап, бос тұрған элеватор жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы жарты ғасырлық тарихы бар астық сақтау қоймасына күзде 42 мың тоннадан астам арпа-бидай құйылған. Былтыр өңір диқандары әрбір гектар жерден орташа есеппен 15 центнер егін алған болатын. Қазір элеваторда сақталған астық Өзбекстан мен Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне жөнелтіліп жатыр. Қажетті құрал жабдықтармен қайта жарақталған қоймада қосымша жұмыс орындары да ашылған.
Ербол Данияров, астық қоймасының атқарушы директоры:
- 10 жылға дейін бізде астық шыққан жоқ. Оны да барлығыңыз білесіз. Облыс бойынша былтыр біз өте жақсы астық жинадық. Элеватор 42,5 мың т астық жинады. Соның ішінде 30 мың т – бидай, сафлор – 5,5 мың т, арпа – 5,5 мың т. Бізде қазір элеваторда 30 адамдай жұмыс істейді. Жұмыс тоқтамайды бізде.