Оралда адамды өз бетінше өмір сүруге бейімдейтін орталық ашылған
Дәмді тамақ пісіріп,тоқыма тоқиды, киім пішеді. Орындық, сөренің де неше атасын жасайды.
Оралда адамды өз бетінше өмір сүруге бейімдейтін орталық бар. 7 ай бұрын ашылған мекеменің табалдырығын аттағандардың алды қазір кәсіп меңгере бастаған. Ел қатарлы табыс табуға ұмтылып, жұмысқа да орналасып жатыр.
Айнұр Абылғазиеваның осы мекемеде тұрып жатқанына 7 ай болыпты. Бос уақытында қысқы жылы киімдер тоқиды. Бұл кәсіпті 12 жасымда үйрендім. Мұнда қолайлы өмір сүруге барлық жағдай бар. «Дегенмен, болашақта өз ісімді дамытуды көздеймін»,- дейді ол.
Айнұр Абылғазиева, үй тұрғыны:
- Мен 2003 жылы Круглозерныйдағы интернатқа түстім. 20 жыл сонда жатып шықтым. 2022 жылы осында 5-ші корпусқа келдім. Тума-туыстарға барып тұрамыз. Сол швейная мастерская ашқым келеді. Тоқып нәски, биялай болсын, кардиган болсын, біреулер заказ береді, тоқимыз.
Ал Алексей Суменков көп уақытын шеберханада өткізеді. Ол да бұрын мамандандырылған интернат үйінде тұрған. Мұнда көшіп келгеніне үш ай болыпты. Қазір ағаштан жиһаз бен ас үй жадбығын жасауды үйреніп жүр.
Михаил Суменков, үй тұрғыны:
- Гүл қоятын подставка, тақтай міне, соны істеп жатырмыз. Орындық жасаймыз, киім ілгіш жасаймыз. Болашақтағы арманым машина айдау. 25 жастамын.
Өз бетінше тұруды сүйемелдеу бөлімшесі қызмет алушыларды өмірге бейімдеп қоймай, заңдық негізде көмек береді. Тұрақты жұмысқа тұрғызып, қаражат жинауына жәрдемдеседі. «Оларды баспанамен қамту басты мақсатымыз»,-дейді мекеме мамандары.
Гүлнұр Есқабылова, үй меңгерушісі:
- Мақсатымыз қызмет алушыларды тұрмысқа баулып, тәуелсіз өмір сүруге баулып, әрмен қарай пәтер кезегіне тұрғызып, әрмен қарай пәтер алып беру. Қазір кезде 9 қызмет алушы пәтер кезегіне тұрды. Кезектерін біздер қарап қадағалап отырмыз.
Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйі 20 орынға есептелген. Қазір мұнда 15 қызмет алушы тұрып жатыр. Оларды тұрақты жұмыспен қамту да жауапты міндеттің бірі. Әзірге 9 тұрғын екі қолға бір күрек тапқан.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов