Атырау облысында 400-ге жуық отбасы баспаналы болады
Атырау облысы Индер ауданының орталығы Индербор кентінде жаңа шағын аудан бой көтерді. 2021 жылдың тамызында 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген еді. Қазір онда көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Биыл да 400-ге жуық отбасы баспаналы болады деген жоспар бар. Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы күзге дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаңа шағын ауданда 48 пәтерлік 4 үй бой көтерді. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді мамыр айының соңына дейін ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін 192 отбасы баспаналы болмақ. Қазір аудан орталығында 80 пәтерлік тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Сәбит Нәбиев, мердігер мекеме өкілі:
- 15-тің үстінде адам бар. Сантехника, жылу, басқа да жұмыстар жүріп жатыр. Басқа кедергі жоқ деп ойлаймын. Бағаның өсуіне байланысты кішкене кешігу болып жатыр.
Құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың жүруіне кері әсерін тигізгені рас. Бірақ қазір жағдай қалыпты, - дейді құрылысшылар. Ешқандай кедергі болмаса, тамыз айының соңында 80 пәтерлік 5 қабатты екі үй пайдалануға беріледі.
Алтынбек Ғабдуллин, Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Алдағы уақытта үлкен мөлтек ауданда меткеп, балабақша салу жоспарда бар. Қазіргі уақытта жоспарлап қойдық. Алдағы уақытта сметалық құжаттамалары да дайын. Қаражат көзі бөлінсе, бұл мөлтек ауданға құрылыстар жүргізіледі.
Жауаптылардың сөзінше, жаңа шағын ауданда құрылыс әлі де жалғасады. Білім ошақтарымен қатар балалар ойын алаңы, спорт кешені де бой көтермек.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.