Сарыағаш ауданының Қызылжар ауылдық округінде 16 көшеге асфальт төселді
«Көшеміз жөнделіп, жүрісіміз жеңілдеді». Өткен жылы Сарыағаш ауданының Қызылжар ауылдық округінде 16 көшеге асфальт төселді.
Аудан бойынша ауыл жолдарын жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Қызылжар – Сарыағаш ауданындағы шалғай ауылдардың бірі. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 220 млн теңге қаржы қаралып, 16 көшеге асфальт төселді.
Қуаныш Бабашев, Қызылжар ауылының тұрғыны:
- Бұрын күзде лай болатын, жазда шаң болатын еді көшеміз. Қазір жақсы болып қалды, таза. Балалардың мектепке батып—келуіне, өзіміздің жүріп-тұруымызға, көлікке бәріне жақсы болды. Рахметімізді айтамыз.
Қызылжар ауылдық округіне екі елдімекен қарайды. Онда 1300-дей түтін, 8 мыңнан аса халық тұрады. Ауыл әкіміның айтуынша, мұнда ұзындығы 40 шақырымды құрайтын 44 көше бар. Оның 30 шақырымына асфальт төселген. Бұл жұмыс биыл да жалғаспақ.
Абдужаппар Рахымбердиев, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:
- Биыл тағы 2 екі көшеміз асфальттанатын болса, 4 шақырым. Арғы жағында 6 шақырым қалады. Тағы 2-3 жылда түгел жүз пайыз асфальт төселеді деген үмітіміз бар.
Қазір Қызылжар ауылы газбен 90, ал ауызсу және электр энергиясымен 100% қамтылған. Тұрғындар тұрмысының түзеліп келе жатқанын айтады.
Жақсылық Дүйсебаев, Қызылжар ауылының тұрғыны:
- Мына өздеріңіз көргендей жолаяқ істелді. Қазір балаларға да ыңғайлы болды. Отыратын орындықтар орнатты. Қаладан кем емес деп айтсақ болады. Түнде барлық көшелер жарықтандырылған.
Өткен жылы Сарыағаш ауданында ұзындығы 112 шақырым болатын 96 көше жөнделген. Оған 2 млрд 157 млн теңге қаржы жұмсалған. Оның 340 млн теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінсе, 250 млн-ы облыстық қазынадан қаралған. Ал 1,5 млрд теңгесі аудандық бюджеттің есебінен.
Әмір Жаппаров, аудандық Жолаушылар және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Биылғы жылға 1,5 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 789 млн-ы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, қалғаны 788 млн теңгесі аудандық бюджеттен қаралып тұр.
Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, биыл Сарыағаш қаласындағы аудандық маңызы бар 3 үлкен көшені орташа жөндеуден өткізу үшін қазір облыстық басқармадан тағы да 1 млрд теңге қаржы бөлу бойынша келісім жасалуда.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов