Ұлытау облысында жас кәсіпкерлеге 100 млн теңге қаржы бөлінді
Ұлытау жас кәсіпкерлерді қолдайды. Облыс әкімдігі конкурстық негізде 100 млн теңге қаржы бөлген. Мақсат – өңірде кенжелеп қалған кәсіп түрлерін дамыту, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлытаулық жас кәсіпкерлерге облыс әкімдігі конкурстық негізде 100 млн теңге қаржы бөлді. Мақсат – өңірде кенжелеп қалған кәсіп түрлерін дамыту. Қайтарымсыз грант жеңімпаздарының алды кәсібін дөңгелетіп, табысқа кенеле бастады. Солардың бірі – Жезқазғанда бұрын-соңды болмаған арт-терапия орталығы.
Қоғамдық бірлестіктің жұмысымен түрлі қиындықтарға жиі кезігетін Әсем Серік жанға жайлы орынды арт-терапия орталығынан тапқанын айтады. Бұл жерде шығармашылықты шыңдаумен қатар кәсіби маманнан қажетті психологиялық көмек алып жүр.
Әсем Серік, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Мен – көпбалалы анамын. Жұмысым да қоғаммен көп араласуға мәжбүрлейді. Сондықтан нақты арт-терепия жаныма тыныштық сыйлайтынын нақты сезіндім. Сондықтан осында жиі келіп тұрамын.
Келушілердің сұранысы бойынша қаланың әр бөлігінде көшпелі қызмет көрсететін орталық мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Кәсіп иесі Жібек Өмірханқызы бизнес серіктесі екеуі 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Ол қаржыға болашақта орталық жанынан қыш өнері шеберханасын құру жұмыстарын бастады.
Жібек Өмірханқызы, жас кәсіпкер:
- Ұлытау облысында бұрын болмаған идеяны жүзеге асырғанымыз дұрыс деп шештік. Арт-терапияда қатысушылармен бірге шығармашылығымыз да қатар дамып келеді.
Облыс әкімдігі тағайындаған грант Жібек секілді тағы 54 жас кәсіпкерге бұйырды. Олардың тең жарымы – аудандық және ауылдық жерлерде тұратын жастар.
Тәңірберген Жанатов, облыстық Жастар ресурстық орталығының маманы:
- Жезқазған қаласынан 14, Сәтбаев қаласынан 11 жоба мақұлданды. Қалғаны Ұлытау және Жаңаарқа ауылдарында тұратын азаматтарға берілді.
Бизнес идеяның көлемі мен маңыздылығына байланысты берілген қаржының көлемі де әртүрлі. 1 млн-нан 7 млн теңгеге дейін. Биыл алғаш рет бастау алған жоба алдағы 3 айда нәтиже бере бастайды, - дейді мамандар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.