БҚО-да 100-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды
Кәсіпкердің бәрінің айы оңынан туып тұр деуге келмес. Батыс Қазақстан облысында өткен бірер айда 100-ге жуық кәсіп иесінің құқығы қорғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құзырлы орган монополист кәсіпорынның тұрғын үйді коммерциялық нысанға айналдыру барысында қажетсіз құжаттарды талап ететінін анықтады. Мұндайдан жергілікті атқарушы органдар да ада емес. Мәселен, жерді жалдау мерзімін ұзарту бойынша 4 бірдей кәсіпкердің құқығы бұзылған. Тағы бір факт, әкімдік қосымша жер телімін жекеменшігіне алуды сұраған кәсіпкердің өтінішін орындаудан негізсіз бас тартқан. Арызды зерделеу барысында ол жерді алуға заң бойынша толық құқылы екені анықталды.
Азамат Жаулыбаев, кәсіпкер:
- Кәсіпкерлікпен айналысу үшін контейнер алған болатынмын. Сол контейнердің қасынан учаскені сұрап, әкімдікке жүгіннен едім. Бірақ қандай да бір шешімдермен әкімдік келісім берген жоқ. Сол себепті атникорға жүгіндім. Соның арқасында барып, жерді, жалпы учаскені берді ғой.
Әділхан Сабыров, БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Батыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен «Бизнеске жол» атты жобасы жүзеге асырылып жатыр. Біз әркез ашықтық принципін ұстанамыз. Күн сайын азаматтарды жеке қабылдау шарасын өткіземіз. Әлеуметтік желілерде парақшамыз бар. Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда кәсіпкерлерге барамыз немесе оларды өз алаңымызға шақырамыз.