Қызылорда облысының Арал қаласы маңындағы көлік дәлізін кеңейту керек
Жыл басталғалы бері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Қызылорда облыс аумағынан өтетін бөлігінде 8 жол апаты болған.
Соның салдарынан 8 адам көз жұмып, 15 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Қайғылы оқиғаның көбі Қызылорда мен Арал арасындағы жол бойында тіркелген. Бұл екінші санаттағы трассаның қауіпті аймаққа айналғанын көрсетеді. Жүйткіген жүргізушілерді тәртіпке салуға тырысқан полицейлер бір аптада 2 мыңдай адамға хаттама толтырғанымен құқықбұзушылық азаяр емес. Осыған орай аймақ тұрғындары халықаралық магистральды 4 жолақты етіп кеңейтуді сұрап отыр.
Жеңіл көлік жүргізушілері жүк тасымалдаушы транспортты басып озамын деп опық жеп қалып жатыр. Тәулігіне облыс аумағынан өтетін 10 мыңдай көлік ағынына халықаралық автодәліз тарлық етіп тұр. Ресми дерекке сүйенсек өткен жылы Қызылорда мен Аралға дейінгі аралықта 63 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 56 адам мерт болған. Шіркейлі ауылынан облыс орталығына күнде қатынайтын Досхан Орынбеков апаттың жиілеп кету себебі бірнеше жүк көлігінің іркес-тіркес жүруінен дейді.
Досхан Орынбеков, Сырдария ауданының тұрғыны:
- Көбінесе қатар-қатар 5-6 Камаз, фуралар жүреді бір-бірінен қалып қоймас үшін. Сосын араларын аша бермейді. Содан басып озу қиынға соғады. Руль оң жақта болғаннан кейін тіпті бізге қиын. 70 метр ара қашықтықты сақтап отырамыз. Өйткені айналып өту үшін көрмейміз. Рульді сол жақтағылар көре береді ғой. Жалпы жол Шымкент жақтағыдай 2 жолақты болса бізге тиімді болар еді.
Ал фура тізгіндегендер болса желмен жарысқан жеңіл көлік жүргізушілерін кінәлап отыр. Трасса талабы бойынша 70 метрлік ара қашықтық сақтауға да салғырт қарайтындар солар екен.
БЛИЦ:
- Поворотсыз шығады, қысып тұратын да кездері болады.
- Арттағы машинаға белгі береміз шыға бер деп. Жол тайғақ болса шыға алмайды.
- Жеңіл көліктер қос сызықты басып, қарсы бағытқа атып шыққанда қорқамыз. Ара қашықтықты сақтамайды. Фура ортасына кіріп, кенет тоқтай салады.
Полицейлер автодәліз бойына 5 дана жылдамдық өлшегіш автоарқан шығарып қойып отыр. Жүк көліктерін тоқтатып, жүргізушілеріне тынығып алуын ескертіп, жолда төрт түліктен сақ болуын ескертіп жатырмыз дейді. Дегенмен жол апаты азаймай отыр.
Марат Рахметов, облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығының бірінші орынбасары:
- Жақын ара қашықтықты сақтамайтын фуралар бар. Инспекторлар азанда және кешкі сапқа тұру барысында ара қашықтықты сақтаңдар деп бағыт-бағдар береміз. Дәл солай екі ортада Арал мен Қызылорда арасында таксилер жүреді. Оларға да жылдамдық асырса біз міндетті түрде ескерту жасаймыз.
Сайып келгенде, көпшілік халықаралық автодәлізді Қызылорда-Шымкент бағыты секілді 4 жолақты етіп кеңейту керектігін сұрап отыр.
Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев