Жамбыл облысында әкімдік бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған
Жамбыл облысында ауыл әкімдігі 19 миллион теңгенің ғимаратын сатып алмақ болған.
Бюджет қаржысын негізсіз жұмсамақ болғандардың әрекетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің аймақтағы өкілдері әшкереледі. Сарысу ауданына қарасты Жаңаарық ауылының әкімдігі бұл жағдайды "сайттың техникалық қателігінен болды" деп түсіндірген. Бюджет қаржысына жауапты мамандардың ескертпесінен соң мемлекеттік сатып алудың күші жойылды. Сонымен қатар осы аудан әкімдігінен де шикілік шықты. Жергілікті билік құны 40 млн теңге болатын Led экранын 61 миллион теңгеге бағалаған. Бүгінде келісімшарт бұзылып, 21 млн теңге бюджетке қайтарылды.
Қуаныш Ахметқалиев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының м. а.:
- 2022 жылы 360 млн теңгеден астам қаражат экономиясы болды. Биылғы жылдың 2 айында 70 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді. Мониторинг жасау арқылы қылмыстық іске жеткізбеу үшін осыны профилактика ретінде қолданамыз.