Елімізде 205 мыңнан астам адам қатерлі дертке шалдыққан
Бұл жайлы бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында хабарлады.
Оның айтуынша жыл сайын аурудың 37 мыңға жуық жаңа дерегі анықталып жатыр. Науқастар арасында әйел адамдардың үлесі ерлерге қарағанда сәл жоғары. Оған сүт безі обырының жиілеп кетуі себеп, деді министр. Ажар Ғинияттың мәлімдеуінше, елде қатерлі ісік дертінен жылда 13 мыңнан астам адам көз жұмады. Оған халықтың салауатты өмір салтын ұстанбауы үлкен әсер етіп отыр. Тұрғылықты жері бойынша онкоскринингке бармайтындар да жеткілікті. Осы орайда жауапты ведомство басшысы халықты медициналық тексерістерге бей-жай қарамауға шақырды. Сондай-ақ ол 2025 жылға дейін онкологиямен күрестің қалай жүргізілетінін айтты.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Онкологиялық аурулармен күресудің 2023-25 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Онкологиялық скрининг бағдарламалары кеңейту жүргізіледі. Өкпеге КТ енгізу жоспарланды. Әйелдер арасында кеңінен таралған жатыр мойны обырының профилактикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папиломасы вирусы вакцинациясы кезең-кезеңімен енгізіледі.