Атырауда журналист көлігін өртеген күдікті ұсталды

Атырауда журналист Виктор Сутягиннің автокөлігін өртеп жіберген күдікті қолға түсті.

Полиция департаментінің қызметкерлері Атырау облысының 1986 жылы туған тұрғынын ұстады.  Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, оқиға 10 мамыр күні, түнгі сағат 02:45 шамасында болған. Көшедегі бейнебақылау камерасына, бір адамның, үйдің алдында тұрған «Lexus» маркалы автокөлікке тақап келгені, оның алдыңғы жағына еңкейгені, сонан соң жойқын жарылыс болғаны анық көрінген. Абырой болғанда көлік иесі де, басқалар да зардап шеккен жоқ. Ал көліктің сау-тамтығы қалмай өртеніп кетті.

Мейірім Ердәулет, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Қазір күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Ол – Атырау облысының тумасы екені белгілі. Сондай-ақ тергеу басқармасы ҚК-тің 202 бабы бойынша тергеу амалдарын жалғастыруда.