Арқалық қаласында тұрғын үйлердің 95% тозып тұр

Арқалық қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің 95% тозып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әсіресе инженерлі-коммуникациялық жүйесі әбден ескірген. Су, кәріз желісінің – жарылуы күнделікті құбылыс. Биыл шағын шаһардағы 10 үйдің төбесін жөндеп, 15 үйдің сыртқы қабырғасын сылап, сырлау жұмыстары жүргізілмек.

Гүлсім Қазтаева 5 қабатты мынау үйде 40 жылдан бері тұрады. Ес білгелі бұл үйде жөнді жөндеу болған емес, - дейді. Басты кінәрат төбесі мен жертөлесінде. Жабындысы жұқарғандықтан, төбеден су тамшылайды, кәріз, су желілері ескіргендіктен, жертөлесі де ылғалдан арылмайды.

Гүлсім Қазтаева, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Төбемізден су ағып еді, оны да өзіміз. Өзіміз әйтеуір қосыламыз, үйтеміз-бүйтеміз, сөйтіп жөндеп аламыз. Ал енді мынау жертөлеге қарайтын болсақ, су ағып жатыр. Кәріз жүйесінің иістері шығады. Енді ескі үй болған шығар деп ойлаймын өзімше.

Арқалық қаласында 133 көпқабатты үй бар. Соның барлығында дерлік осындай жағдай. Қала билігі қарап отыр деуге келмес. Мысалы, биыл 10 үйдің төбесін жөндеп, 15 үйдің сыртын сылап, сырлап келбетін келтіру көзделіп отыр. Оған облыстық қазынадан 100 млн, жергілікті бюджеттен 200 млн тенге бөлініп отыр.  

Жанат Құрмашева, Арқалық қаласы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Барлық үйдің жөндеу жұмыстарына, сыртқы қабаттарын жөндеуге шамамен шаққанда 11 млрд ақша қарастыру жоспары жасалған-тұғын. Енді жылда 200-300 млн, 500 млн-нан бөлініп отырса, енді бір 5 жыл, 10 жыл көлемінде атқарылатын жұмыстар деп санаймыз. Жетпей де қалуы мүмкін. Ол қаражатқа байланысты деп ойлаймыз.

Арқалық қаласының кәріз, су желісін ауыстыруға да биыл қомақты қаржы қаралған.   

Нұрлан Алин, Арқалық жылу энергетикалық компаниясы директорының орынбасары:

- Биыл қаланың ішінде тек қаланың ішінде 25 шақырымға жақын су құбырларын ауыстыруға жоспарларымыз бар. Қазіргі мердігер компаниялар жұмысты бастап жатыр. Жақын арада жаңағы құбырлары  бәрі де келуі керек те, осы бір 10 шақты күннің ішінде бастап кетуі тиіс.      

 Ал келер жылы Арқалықта 30 шақты көпқабатты үйдің төбесін жөндеп, сыртын қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа 350 млн тенге жұмсалмақ.

Авторлары: Мағауия қалиев, Сергей Трахтенберг.