Ақтауда республикалық қарилар байқауы өтеді

Биыл Ақтауда «Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан» республикалық байқау ұйымдастырылады.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Дін  және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде өңірдегі мешіттердің жай-күйі, дін қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды. 2023 жыл елімізде «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жарияланғаны мәлім. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бағдарлама жасақтаған. Соған сәйкес аймақтарда 600-ге жуық іс-шара болады. Басқосуда министр дәстүрлі Ислам дінін қоғамда дәріптеудің маңызына тоқталды.

Дархан Қыдырәлі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды деп атап өткен Мемлекет басшысы биыл Ақорда төрінде осымен екінші рет ауызашар беріп, ата дінімізді ардақтап, игі дәстүрімізді төрге оздырды. Сондай-ақ Президентіміз қажылық парызын өтеп, қасиетті Меккеде елдің амандығы-бірлігі мен болашағы үшін дұға еткені өздеріңізге мәлім.

Ершат Оңғар, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб-мүфти:

- Руханият саласындағы қызметкерлер және қасиетті құранға мән беріп, соны жаттап жүрген қарилар осы жерге жиналады. Дін қызметкерлері өз  жұмысы барысында халықты руханиятқа ұйыстыруға, ауызбіршілігін арттыруға қызмет етуі керек. Ғылымға да атсалысуы керек. Осы жерден шыққан рухани тұлғалардың осы күнге дейін өмірбаяндары толық зерттеліп, олардың еңбектері халыққа жетпей жатыр.