БҚО-да 27 мектептің құрылысы басталды
Батыс Қазақстан облысында жыл аяғына дейін 18 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ал 2025 жылдың соңына дейін барлығы 36 білім мекемесін салып, халық игілігіне тапсыру жоспарланып отыр. Осы арқылы апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін толық шешу көзделген.
Ақоба ауылындағы орта мектеп 50 жыл бұрын салыныпты. Жарты ғасырда талай жөнделген де. Алайда қанша жамап-жасқағанмен, жан-жағынан жел азынап, оқушылар отыра алмайды екен.
Лиза Сапарова, мектеп директорының орынбасары:
- Қыс күндері батареяларды ұстасаң, қол тигізбейді ыстылықтан. Бірақ салқын болды. Терезеден, еденнің астынан жел үріп, киіммен отырғызамыз оқушыларды. Өзіміз сырт киімді шешкенімізбен, оқушыларға рұқсат береміз, бас киімді шешкенімен, сырт киіммен отыруға.
Енді ол қиындықтар артта қалмақ. Аядай ауылда жуырда жаңа мектеп құрылысы басталды. Жалпы аумағы 1500 шаршы метр, 108 оқушыға лайықталған ғимараттың құны – 969 млн теңге. Мердігерлер құрылысты қыркүйекке дейін бітірмек. Бұл жаңалық елдің еңсесін көтеріп тастады.
Мұрат Мұхамбетқалиев, Ақоба ауылының тұрғыны:
- 130 үстінде үй бар, 800 үстінде халық бар. Мектеп салып жатыр, спорт залымен, спорт алаңдарымен. Енді соған қуанып жатырмыз. Аудан облыс шешімімен 1800 метр аяқжол салып берді. Бұл – біздің бала-шағамыз үшін үлкен жақсылық. Көп-көп рақмет айтамыз елдің атынан.
Тек Ақоба ауылында емес, тағы 14 елді мекенде осындай мектептің құрылысы басталды. Ақша шетелдік инвесторлардың облыстың әлеуметтік мұқтажына бөлетін қаражатынан қаралған. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында таяу 3 жылда 18 мектеп салу жоспарланған. Соның 9-ының құрылысы жақында басталмақ. Бәрін қосқанда 2025 жылдың аяғына дейін 36 білім ордасы бой көтермек.
Әлібек Антазиев, БҚО Құрылыс басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда 5 мердігер анықталып, осы айдың аяғына дейін құрылысын бастау жоспарда. Жалпы облыс бойынша биыл 28 мектептің құрылысы жүргізіледі. Сол 28 мектептің 19-і биыл іске қосылады. 16 шағын жинақ мектеп. Сонымен қатар 2 мектеп Казталов ауданында.
Орал өңірінде 370 білім ордасы бар. Соның 12-сі апаттық жағдайда, 9-ында балалар үш ауысыммен оқиды. Білім саласындағы қарқынды құрылыс осы түйінді мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.