Оқу-ағарту министрі жұмыс сапарымен Абай облысына барды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ведомство басшысы аймақтағы білім нысандарының жай-күйімен танысты. Аягөз қаласындағы көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының ұжымымен кездесіп, білім саласында жүзеге  асырылатын жобалар туралы айтып берді.

Ғани Бейсембаев мұғалімдермен кездесуде білім саласындағы негізгі өзгерістерге тоқталды. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңімен көтеріледі. Биылғы қыркүйектен бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ке өседі.

Меруерт Күмісова, физика және информатика пәнінің мұғалімі:

- Кездесу барысында министр болашақта білім саласында болатын өзгерістер туралы хабардар етті. Министрліктің алдағы уақытта жүзеге асыратын үлкен жобаларына сенім білдіреміз.

Кездесуде Абай облысының білім саласын дамытуға бағытталған өңірлік жол картасы жобасы туралы да айтылды.

Әсем Нүскенова, Абай облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Енді біздің облысымызда дүйсенбі күні жол картасы қабылданады. Жол картасы білім саласының жан-жақты дамытудың негізгі құжаты болып табылады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында біздің облыста алдағы 2 жылда 11 мектеп салынады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Президенттің сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалу барысымен танысу. Және алдағы мақсатты жұмыстарды Абай өңіріндегі педагог қауымдастығымен ақылдасып, талқылауды жоспарға қойып, кездесіп отырмыз.

Еліміздің бас мұғалімі жұмыс сапары аясында Үржар мен Жарма аудандарының да білім нысандарын аралап, мұғалімдермен пікір алмасты.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.