Еліміздің оңтүстігінде су тапшы
Бұл мәселе әсіресе дихандарға ауыр тиіп отыр.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында осы түйткілге назар аударды. Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі баяндамасын оқыды. Мәулен Әшімбаев агросаланы дамыту көрші мемлекеттерден келетін су көлеміне тығыз байланысты екенін айтты. Сырдария трансшекаралық өзенінің жағдайына қатысты мәселеге тоқталып, тиісті мемлекеттік органдарды осы салада белсенділік танытуға шақырды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Жетісай, Мақтарал аудандарындағы мәселелерді көтерді. Бұл өткен айдағы емес, осы күндегі әңгіме. Сол жақтың халқы наразылығын жеткізіп жатыр. Негізгі мәселе – «Достық» каналы арқылы келетін су көлемінің азаюы. Мәселен, көрші мемлекеттермен жасасқан шарттарға сәйкес елімізге секундына 40 текше метр су келуі керек. Алайда бүгінде ол көрсеткіш шамамен 25 текше метр көлемінде ғана деген ақпарат бар.
«Топырақ ерекшелігіне байланысты кейбір өңірлерде негізінен күріш өсірілетіні белгілі. Алайда бюрократиялық кедергілерді көлденең тартып, шаруаларға күріш егуге шектеу қоя алмаймыз», - дейді Мәулен Әшімбаев. Осыған байланысты отырыс барысында жасалған барлық ұсыныс Үкіметке жолданады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Ғалымдармен ақылдасып, керек болса, қосымша көмек беріп, жердің сапасын көтеріп, жаңа технологияларды алып келу керек шығар. АҚШ-тың тәжірибесін айтып жатсыздар. Басқа елдің тәжірибесі бар шығар.