Ұлытау облысындағы Қаражал қаласы қайта жаңғыртыла бастады
Қаражал қайта түлейді.
Ұлытау облысындағы, шағын ғана өндірісті шаһардың 90-шы жылдар тоқырауында, шаруасы біршама шатқаяқтап қалған еді. Жайлы жұмыс іздеген тұрғындар ірі қалаларға қоныс аударып, көпқабатты ондаған тұрғын үй, бос қалды. Енді қала көркін бұзып тұрған сол үйлерді, жөндеуге жарамдылары былтырдан бастап қайта жаңғыртыла бастады. Ал әбден тозығы жеткендері сүріліп жатыр.
Мөлдір Дәулетбаева жолдасы екеуі жас отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрғалы да біраз болған. Бүгінде қаланың шетіндегі туыстарының үйінде тұрып жатыр. Олардың «баспаналы болсақ» деген арманы биыл орындалуы мүмкін. Қайта қалпына келтіріліп жатқан 4 қабатты мына үй жыл соңына дейін кезегін күткен азаматтарға беріледі.
Мөлдір Дәулетбаева, Қаражал қаласының тұрғыны:
- Тәуелсіздік 12-ші үйдің қайта жаңғыртылып жатқанына қуаныштымын. Қаламыз көркейіп келе жатқанына қуаныштымын. Мен де жас отбасы ретінде өзімнің үйімді алғым келеді. Ойлаймын болашақта маған да бұйырып қалар деп.
Қаланың орталығындағы тұрғын үйдің іргетасы өткен ғасырдың 60 жылдары қаланған. Тоқырау заманында иелері тастап кеткен ғимарат коммуналдық меншікке өтті. Мемлекеттік сараптама жасалып жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қалалық бюджеттен 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Светлана Милиус, Қаражал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- 4 қабатты үйде 36 пәтер бар. Қалпына келтіру жұмыстары 50 пайызға орындалды. Қазір электр желілерін тартып жатыр. одан әрі су мен жылу құбырлары жүргізіледі. Жоспар бойынша бұл үйлер алдағы қараша айының соңында пайдалануға беріледі.
Былтыр дәл осы бағдарлама аясында 32 отбасы қоныс тойын тойлады. Баспана түйткілін шешуге оң әсер еткен жоба алдағы уақытта да жалғасатын болады. Қазірдің өзінде 100 пәтерлік үйді жаңғыртуға сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Келер жылы әрқайсы 50 пәтерлік тағы 2 үй қайта қалпына келтірілетін болады. Жалпы, бүгінде Қаражал қаласы бойынша 10-нан астам тұрғын үй қаңырап бос тұр. Ал пәтер кезегін тұрған азаматтардың саны 300-ден асады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева