Алматы көшелері ою-өрнек гүлмен көмкеріледі

Алматыда жасыл желекті күтіп баптаумен айналысатын мекемелер көпжылдық өсімдіктерге ден қоя бастады.

Оны жыл сайын қайта отырғызып әуре болмайсың. Дегенмен біржылдық өсімдіктің де өзіндік артықшылығы бар. Мұндай гүлдер композиция жасауға ыңғайлы.

Көп ұзамай бұл жерге көздің жауын алатын кілемше түседі. Ою-өрнек гүлмен көмкеріледі. Гүл егіп жатқандардың қатарында Жеңіскүл Нұрданбек те бар. Оның осы істі кәсіп еткеніне 20 жылдан асқан. Өзі: «Ұйықтап жатсам түсімде гүл көрем. Оятсаңыз 20-30 гүлдің атын жаңылмай айтып берем. Еңбекке деген адалдығым гүл біткенді жақсы көргенімнен шығар»,- дейді. Расында ол ұзақ жылдар осы жұмыстың ыстық-суығын бір кісідей көтеріп келеді.

Жеңіскүл Нұрданбек, серіктестік жұмысшысы:

- Жұмыстың қиыншылығы да бар, жаңбырлы күндер болады. Күн қатты ыстық күндер болады. Соған төзіп өзіміз гүлді жақсы көреміз. Өзіміз егіп уходын жасап содан гүлдегенде содан бір ләззәт аламыз.

Жеңіскүлдің құрбысы Дәмеш Елшібекова да гүлқұмар. Оның да осы салада табан аудармастан еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асып кеткен.

Дәмеш Елшібекова, серіктестік жұмысшысы:

- Мына гүлдің аты цинерария. Бұл ковровый кілем гүлдері квадратына 80-90 дана егеміз. Бізде бұл гүлдер кілем гүлдері деп аталады. Бұл гүлдер қыс түскенге дейін тұрады. Цинерария, сальвия, хлорофитум, осы гүлдерді егіп жатырмыз.

Жалпы қала бойынша биыл 180 мың шаршы метр аумаққа гүл егіледі. Мамандардың айтуынша, бір қала болғанымен, әр ауданның өзіндік климаттық ерекшелігі бар. Гүлдің сұрпы да соған қарай таңдалады. Гүлзардың көбі Медеу ауданында. Себебі, бұл жақта ортақ қолданыстағы саябақ пен аллея көп.

Нұркен Ақмырза, Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының маманы:

- Бізде қала аумағында біржылдық және көпжылдық гүлзарлар отырғызылады. 2019 жылдан бастап көпжылдық гүлзарларды көбейтіп жатырмыз. Бізде 2019 жылы көпжылдық гүлзарлардың көлемі 17 процент болатын. Қазір ол көлем 60 процентке дейін жеткізілді. Көпжылдық гүлзарларды көктем және күз мезгілінде отырғызамыз.

Алматыда алғаш болып наурыз айында қызғалдақ бүр жарады. Оны күзде егіп тастайды. Көпжылдық өсімдіктер сұрпына қарай ерте көктемнен сонау күзге дейін гүлдейді. Раушан, қалампыр, сары түймедақ, қоңыраугүл мен сиягүл қаланың ажарын ашып тұр.

Блиц:

- Өте тамаша. Ұнайды. Сондықтан аралап арасында суретке түсіп, бала құсап қуанып жүрміз. Осыған еңбек сіңірген адамдардың барлығына рахмет.

- Біз Астана қаласынан Алматы қаласына арнайы осындай табиғатты көру үшін, осындай гүлдердің қасында суретке түсу үшін арнайы келдік. Саябақтары, таулары барлығы ұнайды. Сондықтан да осы жерге әдемі табиғатта сергіп қайту үшін экзамендердің алдында сергіп қайту үшін келдік.

Гүл отырғызу жүмыстары маусымның ортасына дейін жалғасады. Жасыл желекті шаһар осылай кезіндегі «бақ қала» атағын қайтаруды көздеп отыр. Келесі жылы тағы 8 саябақ салынады.    

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев