Отандық ғалымдар: М. Жұмабаетың шығармашылығын шет тілге аударып, насихаттау керек

Мағжан Жұмабаетың шығармашылығын шет тілге аударып, насихаттау керек.

Көкшетауда өткен республикалық конференцияда отандық ғалымдар мен тарихшылар осындай бастама көтерді. Осылайша ақынның өміршең өлеңдерін әлемге әйгілі ету көзделіп отыр.

Қазақ әдебиетінің классигі атанған Мағжан Жұмабаевтің шығармашылығын білмейтін жан кемде-кем. Әсіресе, қилы кезеңдегі қиындығы ақынның өлеңіне арқау болды. Бірақ сол жазбаларының тек тең жартысы ғана халыққа жеткен. Сондықтан шараға қатысқан тарихшылар Мағжан мұрасын әлі де зерттеп, зерделеу керектігін айтады.

Марат Әбсеметов, тарих ғылымының докторы:

- Әлі архивте біраз дүниелер жатыр Мағжанға байланысты. Санкт- Петербург, Мәскеу қалаларынындағы жабық архивтерде де біраз құжаттары жатыр. Қазір Мағжан туралы үлкен зерделі жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ бір жағынан материалдар ашылып жатса, екінші жағынан насихат керек. Мағжанды тек ана тілде ғана емес, орысша, ағылшын тіліне аудару керек.

Көрнекті ақынның өмірі мен шығармашылығы Ақмола облысымен тығыз байланысты. Мысалы 1920 жылдары Жұмабаев «Алаш» партиясы облыстық комитетінің мүшесі болды. «Бостандық туы» газетінде, одан кейін Бурабайда оқытушылық қызмет атқарған. Алаш ардақтысын ұлықтау мақсатында аймақта кешенді шаралар басталды.

Елдос Рамазанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Ақмола облыстық  ғылыми - әмбебап кітапханасымен  өңірдің 21 көшесіне  Мағжан Жұмабаев есімі берілді. Өңірде  конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, мектептерде, орта мен жоғары оқу орындарда арнайы бұрыштар ашылып, дәрістер, көрмелер, дебаттық турнирлер және басқа  ақпараттық - танымдық шаралар ұйымдастырылуда.

Бұдан бөлек, өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша арнайы құжаттар жинағы шығарылып, тарихи деректі фильм түсіру де қолға алынады. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка