Қарағандыда көптен күткен балалар ауруханасы ашылды
Қарағандыда балалар ауруханасы ашылды.
Бұл әлеуметтік нысанның құрылысы осыдан 10 жыл бұрын басталған. Әуелде жауапсыз мердігерге тапсырылып, кейін қаржы болмай, сақалды құрылысқа айналған. Биыл жұмысы аяқталып, мереке қарсаңында бүлдіршіндердің игілігіне берілді. Ол үшін қазынадан 6 миллиард теңге бөлінген. Төрт қабатты, аумағы 35 мың шаршы метрді алып жатқан зәулім аурухана 200 балаға шақталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз етілген. Соның бірі – Жапониядан жеткізілген жеті әмбебап төсек. Бұл денесін күйік шалған балаларды емдеуге арналған. Келешекте мұнда дәрігерлік көмектің барлық түрі көрсетіледі. Ауруханада 430 адам еңбек етеді. Денсаулық сақтау басқармасы енді ескі ғимаратты толық жөндеп, медицина үйіне айналдырмақшы. Жыл соңында сол жерден 94 дәрігерге пәтер беруді жоспарлап отыр.
Бибігүл Төлегенова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мамандар жеткілікті. Осы ауруханада 128 педиатор жұмыс істейді. 136-дай медбике жұмыс істейді. Бүкіл медициналық жабдықтар заманауи осы жерге келген. Компьютерлік томограф бар. Күзге қарай МРТ келеді. Жаңа бөлімшелерден ашылатын осы жерде, травматология-ортопедия, нейрохирургия.