Павлодарда «Қымызмұрындық» мерекесі тойланып жатыр. LIVE

«Қымызмұрындық» немесе «Сауынашар». Павлодар жұртшылығы алғашқы қымыздың дәмін татуға жиналды.

Ұмытылып барып, қайта жанданған «Қымызмұрындық» мерекесін еліміз 1998 жылдан бастап тойлайды. Содан бері Павлодарда дәстүрлі түрде өткізіледі. Алдымен облыс орталығында кейін аудандарда жалғасады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- «Қымызмұрындық» мерекесі енді ғана басталып жатыр. Жалпы Павлодарда жыл сайын тойланады. Достық үйінің алаңына жиналған жұртшылық назарына театрландырылған қойылымдар көрсетіледі деп жоспарланған. Алғашқы қымыздың дәмін татып көріп жатқандар бар. Кейбір деректерге сүйенсек, қымыздың 6 мың жылдық тарихы бары айтылады. Бұл осыншама уақыт құндылығын жоймай келе жатқан шипалы сусынның қадір-қасиетін білдіреді, әрине. Ертіс өңіріндегі «Қымызмұрындық» тойына Астана қаласы мен қатар Абай және Қызылорда облыстарынан ат арылтып келген меймандар бар. Сонымен қатар осы «Достық» үйінің жанындағы этномәдени бірлестік өкілдері, шығармашылық ұжымдар, облыс пен қаланың құрметті азаматтары қатысып жатыр. Ал «Қымызмұрындық» мерекесін  «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған.

Қымызмұрындыққа келген жұрт қолөнер шеберлерінің көрмесін, ұлттық киімдердің сән үлгісін тамашалайды. Қайырымдылық дастархандары да жайылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін 500 литрге жуық қымыз таратылады.

Павлодар облысында жылқы малының саны 250 мыңнан асады. Жылқы өсірумен мыңнан астам шаруашылық айналысады. Облыс көлемінде 5 ірі шаруашылық бие сүтін өндірістік жолға қойған. Павлодардың қымызы көрші облыстарға да жөнелтіледі. Емге шипа, дертке дауа болатын қастерлі сусынның маңыздылығы дәл осы Қымызмұрындық мерекесі арқылы кеңінен дәріптеліп келеді.