Алматыдағы жылу орталығы жаңартылады
Алматыдағы Жақұтов атындағы №2 ЖЭО-ны жаңғыртуға Қазақстанның Даму Банкі де атсалысады.
Бүгін тараптар кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойды. Жоба сәтімен жүзеге асса, атмосфераға күкірт диоксиді мен күл шығарындыларының бөлінуі толығымен жойылады.
Алматыдағы №2 ЖЭО-н жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңында аяқталады. Жаңа газ электр стансаның жалпы қуаты 600 МВт-қа тең. Ауқымды жоспарды жүзеге асыруға қыруар қаржы жұмсалатыны белгілі. Бұл үшін Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Қазақстанның даму банкі несие бөлмек.
Марат Елібаев, "Қазақстанның даму банкі" Басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазақстан даму банкінен 117 млрд теңгеге шейін ақша бөлінеді. Біз әрбір квазимемлекеттік жобаны қаржыландырмаймыз. Тек қана басқа халықаралық қаржы ұйымдары қатысқан кезде ғана және ESG проект болған кезе ғана біз ол проектілерді қарастырамыз.
Мамандар тас көмірдің орнына табиғи газды қолдануға талпынып отыр. Бұл стансаның қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Атмосфераға бөлінетін күкірт диоксиді мен күл шығарындыларын толық жойып, көміртектің қостотығын бір жарым есе азайту көзделеді.
Дәурен Сағидолла, "АЛЭС" АҚ Инвестициялық жобалар бойынша басқарушы директоры:
- Қазақстанның даму банкі біздің жобаға көңіл бөлгеніне қуаныштымыз. Жаңғырту жұмысы уақытылы аяқталады деп үміттенеміз. Жылдың соңына дейін жобалау сатысы жүреді. Нысан толықтай газға ауысса, Алматы жұртшылығы ауа сапасының жақсарғанын сезінеді.
Алматыдағы №2 ЖЭО 1980 жылы іске қосылды. Күллі Қазақстандағы ең ірі орталықтың 72%-ке тозығы жеткен. Мамандар жыл соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмысы басталатынын айтты.Келесі жылы алғашқы кезеңі аяқталады.
Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарақойшы