Таразда музей қараусыз тұр
Таразда 1 млрд теңгеге жуық қаржыға салынған тарихи музейдің тоз-тозы шықты.
«Көне Тараз» археологиялық саябағындағы мұражай 8 жыл бұрын бой көтерген болатын. Бірақ қазір есігі құлыпталып, кіруге тыйым салынған.
«Қазақ хандығына 550 жыл» мерекесі қарсаңында ашылған мұражайдың сау тамтығы қалмаған. Қабырғасы мен төбесі түсіп, ылғалдан жертөлесі көгеріп кеткен. Ауласын шөп басып қабырғалары жарылған. Электр желісі мен жылуы жоқ. Тек суға қосылған. Оның өзі шұрық тесік.
Мерей Бает, тілші:
- Біз дәл қазір мұражайдың жертөлесінде тұрмыз. Мұндағы су құбырлары жарылып, жертөленің жартысын су жайлап жатыр. Байқасаңыздар мұндағы су сорғыларының біразын бәзбіреулер алып кеткен көрінеді. Ал оны қалпына келтіріп қарап отырған жауаптылар жоқ.
Көне Тараз музейіне жапсарлас орналасқан тарихи қалашықтан табылған жәдігерлер қойылу керек еді. 2015 жылы бірнеше ай жұмыс істеген мұражай кейін жұмысын мүлдем тоқтатты. Себебі ғимарат аз уақытта жарамсыз жағдайға жеткен.
Мерей Бает, тілші:
- Археологиялық парктің аумағында 2011-2017 жылдары аралығында ауқымды қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Сол тұста 4 мыңнан аса тарихи жәдігер табылған еді. Мекеме мамандары олардың басым бөлігін қауіпсіз жерге көшірген болатын. Бірақ реставрацияға жетпей қалған мына сынды тарихи жәдігерлер осы жертөледе қалып қойды.
Мұражайды салуға облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Біткен соң министрлікке бағынышты аймақтағы мекеме балансына алуы керек болатын. Бірақ қабылданған ғимарат сапасыз болғандықтан, «музей қорығы» теңгерімге алудан үзілді кесілді бас тартты.
Сара Құрманова «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары:
- Ғимаратта әр түрлі апатты жағдайлар болды ғой. Соған байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің балансында қалды. Көрме залының о бастағы мақсаты осы жерден табылған 4 мыңнан аса экспонаттарды көрсету, көрме залын жасау болып табылған. Әрине егер де қайта қалпына келтіріп жақсы жағдайда беретін болса, біз қуана-қуана бұл жерде экспонаттарымыздың барлығын қайтадан қойып халыққа көрсетуге бар күшімізді саламыз.
8 жылдан бері құрылыс басқармасының бас ауруына айналған мұражай биыл жөнделетін секілді. Құрылыс басқармасы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттамаға тапсырыс берген.
Данияр Әбдібеков, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Жобаны жасап жатыр ғой. Сол маусым айының аяғында сараптамадан шығады ол. Сараптамадан шыққаннан кейін біз заявкасын береміз де мердігерді тағайындаймыз. Қабырғалардан су өткен жерлері жасалады. Жаңағы құбырлардың бәрі солар жасалады. Сыртқы навес жасалады, шатыры жасалады. Соның бәрі зерттегеннің бәрі жасалады.
Қараусыз музейді қайта қалпына кетіру үшін 400 миллион теңгеден аса қаржы қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат демеушілер есебінен не облыстық бюджеттен бөлінері белгісіз. Дегенмен, құрылыс басқармасының басшысы жыл соңына дейін мәселені шешеміз деп сендірді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә