Нұра су магистралі жедел жөндеуді қажет етеді
Ақмола облысындағы Нұра магистральді су құбырының 34 шақырымын шұғыл жөндеу керек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі дәл қазір өңірде 30-ға жуық елді мекен сусыз отыр. Бүгін Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитеті осы мәселеге арнап жиын өткізді.
Бүгінде Егіндікөл, Атбасар, Қорғалжын аудандарына су жеткізу қиындаған. Жергілікті халықтың көл суын тұтынудан басқа лажы қалмады. Осыған байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланды. Енді Экология және табиғи ресурстар министрлігі 20 маусымға дейін құбыр құжаттарын реттеп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сараптамаға береді. Олар сараптаудан 45 жұмыс күннің ішінде өтуі керек.
Серік Егізбаев, ҚР Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы:
- Жаңа үлкен жиналысты өткіздік. Оның негізгі құзырына кіретін экология министрлігі әкімшілікке қарамайды, өкінішке қарай. Сондықтан олар көмек сұрады. Парламент депутаттарынан, жеке спикердан көмек сұрады. Сондықтан Ерлан Жақанұлы тапсырма берді, біз осы тапсырма аясында мәселенің шешу жолын іздедік.