Семей орманын құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Абай облысындағы алапат өртке қатысты жағдай тұрақталып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жергілікті штаб өкілдерінің мәліметінше, қызыл жалын 60 мың гектар аумақты шарпып үлгерген.
Өртке оранған Семей орманын құтқаруға 1000-нан аса адам мен 240-қа жуық техника тартылды. Қазір олар 9 учаскеде жұмыс істеп жатыр. Өрт Талица, Каштак, Барышевка, Успенка, Поднебесное және Камышенка елді мекендеріне қарай 3 бағытта таралып жатыр.
Семей Орманы резерватындағы ең ірі өрттің беті қайтқан сыңайлы. Оған ауа райы да оң әсер еткен. Түнде және таңертең сіркіреп жаңбыр жауды. Бұдан бөлек, 3 күн бойы жалын ошақтарына әуеден 430 рет су төгілген. Оның жалпы көлемі 1000 тоннаға жетеді. Тілсіз жаумен күреске 11 тікұшақ жұмылдырылды. Жығылғанға жұдырық па дерсің. Әлеуметтік желіде жағдайды пайдаланып, дақпырт әңгіме таратып жатқандар көп. Олқылықтың алдын алу үшін төтенше аумақтағы облыстық штабта жедел желі іске қосылды.
Ержан Есенбаев, ҚР Қарулы Күштері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Тыл басқармасының штаб бастығы:
- Абай облысында өрт болуына байланысты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 350 әскери қызметші, 30-дан астам әскери техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 4 учаскеде өрт сөндірілді. Әскери қызметшілер әрі қарай жұмыс істейді.
Өкінішке қарай, Барышевка ауылындағы 3 баспана өртке оранған. Жалынның ешкімді аяр түрі жоқ. Тұрғындар құжаттарын ғана алып үлгергенін айтады. Бүгін Үкімет басшысы үй жайынан, малынан айырылғандарға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Ерік Мауытқазин, Барышевка ауылының тұрғыны:
- Далаға шықтым түнгі сағат 3-те, сонда мына жақ қызарып жатты. Жайылым кетті-ау деп ойладым. Содан 4 жарымда малшым келді. Малдың бәрін шығардық үйден, қашып шықтық деді. Көлігімізді, жеңіл машиналарымыздыбәрін алып шыққан. Малды түгел трассадан асырып, орман жаққа өздері дала арқылы қашыпты.
Қызыл жалын аудан орталығына да жетуі мүмкін еді. Құтқарушылар орман іргесіндегі Поднебесное ауылын оқшаулау арқылы қауіптің алдын алды.
Қайырбек Тұрсынбаев, облыстық ТЖД Семей қаласы Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта өрттің алды тежелді. Қазіргі салдарымен күресіп жатырмыз ғой. Қазіргі таңда сол өрттің «кромкаларын» өшіріп жатырмыз, Әрине, ары қарай қайта жанып, тұтанып, жоғары қауіпті өртке ұласып кетуі мүмкін. Сол себепті барлық «кромканы», әрбір ағаштың түбін – бәрін өшіруге тура келеді.
Бородулиха ауылынан 10 шақырымдай жерде арнайы шатырлар құрылып, құтқарушыларға ас-су жеткізіліп жатыр. Оқиға орнында 100-ге тарта волонтер жүр. Сондай-ақ Ұлттық волонтерлік желі қауіпсіз жерге жеткізілген тұрғындарға және өртті сөндіруге тартылған мамандарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинай бастады.
Авторы: Мерей Мұратханқызы, аймақтағы тілшілердің көмегімен.