Семейдегі өрт сөндірушілерге киім мен дәрі-дәрмек керек
Абай облысындағы алапат өрт ешкімді бей-жай қалдырған жоқ.
Семей тұрғындары тілсіз жаумен арпалысып жатқан жандарға қолдан келген көмегін көрсетуде. Қазір сол оқиға орнында 80-ге жуық ерікті жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек Семей, Өскемен, Астана қалаларынан 100-ден астам адам барған.
Әлия Рахымбаеваның еріктілер қозғалысында жұмыс істеп жүргеніне 6 жылға жуықтапты. Оның қасында өзі секілді жақсылыққа жаны құштар жандар көп. Олар қазір алапат өртпен арпалысып жатқан азаматтарға күн сайын азық-түлік тасып жатыр.
Әлия Рахымбаева, "LIDER.KZ" еріктілер қозғалысының мүшесі:
- Штабтарда тамақ жасап көмектесіп, дәрілерді апарып, өйткені біреудің қолы күйген. Екіншісінің аяғына сүйел шығып, дәрі сұрап жатыр. Кеше, мысалы, Таллица ауылынан түнгі 12-де шықтық. Бәріне, 250 адамға тамақ бердік. Одан бөлек Астана, Қарағанды, Алматы облыстарының құтқарушылары бар ғой. Оларға да тамақ бердік, шәйлерін беріп, айрандарын, киімдерін таратып, қайтып кеттік.
Қаладағы қарапайым тұрғындар да күллі елді алаңдатқан өрттің тезірек сөнуіне шамасы жеткенше үлесін қосуда. «Ең бастысы, көңіл, таза пейіл» дейді олар.
Еркежан Нұрлыбекова, қала тұрғыны:
- Осыны естіген кезде бірден сбор ашып, көмек қолын созуға кірістік. Екі күн болды, кешеден бастап кешкі жетіден таңғы жетіге дейін үш ауылға барып, бірнеше рет тамақ, дәрілер апарып бердік. 0.30скл0.50 Инстаграмға салған болатынбыз постты. Бәріміз бірге көмектесейік деп. Соған репосттар көп жасалды, осы Семейдің адамдары қосылды.
Оқиға орнына барып көмек көрсетіп жүрген жандардың сөзінен түйгеніміз, қазір өртпен күрестегі азаматтарға киім мен дәрі-дәрмек қажет.
Думан Сымбатұлы, қала тұрғыны:
- Бәрі сұрап жатыр. Дос балалар звондаған. Сонымен айналысады ғой, волнтерлер. Соны дайындап беріп жатырмын, көп нәрсе керек. Негізгісі киім мен дәрі ғой.
Қазір еріктілерде тыным жоқ. Олар тек соңғы тәулікте 1 жарым тонна ауыз су, 400 келі қой мен құс етін, 600 келі көкөніс жеткізіпті.
Семейден Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы