Түркістан облысында қисары қойын өсіруге сұраныс артты
Созақ ауданының шаруалары қисары қойының басын көбейтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұны өздері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекпен байланыстырады. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама аясында асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған шаруалар көбейген.
Созақ ауданы – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Жайылым жер де жеткілікті. Осы ерекшелікті жергілікті шаруалар тиімді пайдаланып келеді. Солардың бірі – Бағлан Сүгірбаев. Шолаққорған ауылының тұрғыны 2019 жылы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 6,5%-пен 10 млн теңге несие алып, оған 400 бас қисары қойын сатып алған. Қазір мал басын 1100-ге жеткізген.
Бағлан Сүгірбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Созақ ауданының қысы қатаңдау келеді. Қисары қойы суыққа төзімді. Жазы ыстық болады, ыстыққа да төселген. Бейімделген мал. Алдағы уақытта тағы да 2,5%-пен несие алып, қой басын 2 мыңның үстіне шығарсақ деген ойымыз бар. Қазірдің мақсат мал басын көбейтіп алып, сосын экспортқа өткізсек деген ойымыз бар.
Шаруа қожалығы қазір 2 мың гектар жайылымдық жерді пайдаланып отыр. Мұнда «Инвестициялық» бағдарламалар есебінен тегін құдық қазылып, күн сәулесінен энергия алатын қондырғылар орнатылған. 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Созақ ауданында 330 мың ұсақ мал болса, соның 21 мыңнан астамы асыл тұқымды. Қазір осы бағытта 7 агроқұрылым жұмыс істейді.
Қайырбек Мейірманов, Созақ ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жалпы 15 мың 600 бас майда мал асыл тұқымды бағытқа өтіп, қазіргі таңда мемлекет тарапынан өз субсидияларын алып жатыр. 2021 жылы 11 агроқұрылым 12 млн теңге көлемінде субсидия алса, 2022 жылы 44 агроқұрылым 74 млн теңге көлемінде несие алған. Жалпы өз шаруашылығын дамыту үшін 112 азаматымыз 1 млрд 600 млн теңге көлемінде несие алған.
Жалпы аудан шаруалары ұсақ малдан бөлек, 15 мыңнан астам түйе, 25 мыңға тарта жылқы және 40 мың бас ірі қара өргізіп отыр. Мамандар мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан беріліп жатқан проценті төмен несиенің септігі көп екенін айтады.
Мұсахан Дәулетов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы
- Қазір 2,5%-пен 2 жыл демалысы бар, соған беріліп жатыр. Малға қызығушылар өте көп. Жан-жақтан мекенжайын сұрап, бізбен хабарласып, басқа облыстан алынатын мал болса деп жатыр. Біздің облыстың өзінде 5,5 млн малымыз бар. Соның 60-70% тауралы шаруашылықтардың өзі ақыл тұқымды қошқарлар қойып, мал тазарып қалды.
Былтыр Түркістан облысында асыл тұқымды қой өсіру үшін 48 шаруа 480 млн теңге көлемінде несие алған. Жалпы өңірде қой шаруашылығымен айналысатын 213 шаруашылық бар. Оның 56-сы асыл тұқымды. Онда 72 мың бас қисары қой өсіріліп жатыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.