Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтеді
Абай облысындағы алапат өрт волонтерлік қозғалыстың маңыздылығын көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені еріктілер тез арада көмекке келіп, жұдырықтай жұмыла білді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тілсіз жау салдарымен күресті. Зардап шеккендерге қысқа уақыт ішінде азық-түлік және керек-жарақ заттарды жеткізді. Бұл туралы Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахмет айтты. Осыған байланысты келесі аптада волонтерлердің игі ісін ұлықтайтын халықаралық форум өтпек. Ауқымды шараға дайындық жұмыстары қазірден пысықталып жатыр.
Мадияр Қожахмет, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі комитетінің төрағасы:
- 20-21 маусымда Астана қаласындағы халықаралық волонтерлер форумы өткізілгелі жатыр. Форумның негізгі мақсаты – Қазақстандағы және әлемдегі волонтерлік қозғалысты ары қарай дамытуды талқылау, ұсыныс беру. Форумға 34 елден астам өкіл қатысады. Қазақстанның әр өңірінен келеді. Жалпы 400-ге жуық қонақты күтіп отырмыз осы форумға.