Өрт сөндіру ошағында дәрі-дәрмек жеткілікті
Дәрі-дәрмектің түр-түрін өрт сөндірушілерге әкеле беруге болмайды.
Мұның пайдасынан зияны көп. Абай облысындағы лаулаған жалынның ортасында жұмыс істеп жүрген дәрігерлер осылай дейді. Олардың айтуынша, тілсіз жаумен арпалысып жүрген жандарға волонтерлер дәрі-дәрмектен бөлек энергетикалық сусындарды жеткізген. Өрт сөндіру кезінде мұндай өнімдерді тұтыну зиян, дейді ақ халаттылар. Қазір оқиға орнында медициналық апат орталығы мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері жұмыс істеп жатыр. Өрт басталғалы дәрігерлік көмекке 22 адам жүгінді.
Гүлнәз Таңатарова Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы жағдай басталғаннан бастап біреудің аузынан бір сөз шықса көзіме тамшы керек, көзім ауырып тұр десе болды. Бір волонтердің құлағына тисе ол бәріне жар салып, бүкіл халық болып, бүкіл ел болып небір дәрілерді тасиды-ау келіп. Мысалы, албуцит. Албуцитті қазір өрт сөндіріп жүрген адамдардың көздері қалай қызарып тұрса да тамызуға болмайды. Себебі одан әрі күйдіріп жіберуіміз мүмкін.