Тікұшақтарға өртті сөндіру қиынға соғып жатыр. LIVE
Бір өрт ошағын сөндіру үшін, сол жерге бір демде 4-5 тікұшақ су шашу керек.
Тек сол кезде ғана оттың бетін қайтаруға болады. Абай облысында өртпен күресіп жатқан тікұшақ экипаждары қазір тек осы әдіске көшті. Өйткені от шарпыған аумақ көп.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Әуеде де, жерде де жұмыс көп болып тұр. Өлкеде қазір 14 тікұшақ ұшып жүр. Тікұшаққа арналған арнайы каналдарды лай мен балдыр басып жатса да су тасудың бар амалын пайдалануда.
Қызыл жалынға көктен тойтарыс беріп жүрген нағыз батырлар осында. Әр тікұшақ екі экипаждан тұрады. Өрт шыққалы бері бұл жақта тынымсыз әуеге көтерілгенлердің бірі Қазавиаспас мекемесінің ұшқыштары. Мәселен, 171-борт кешегі күннің өзінде өрт ошағына 90 реттен астам су төгіпті. Ертістің жақын болуы үлкен септігін тигізіп тұр экипажға. Ожауларымен бір лақтырғанда 3 тонна су төменге ағады. Айтуларынша, бір тікұшақ бір от ошағына барса одан пайда жоқ. Сондықтан бір емес, 4-5 ұшақ бірден бір нүктеге шүйіліп, су шашып жүр. Ер азаматтармен қатар әйел ұшқыштар да ерлік танытып, ортасына су тасуда. Соның бірі Ақерке Шопатаева. 15 жыл қызметте осымен ірі деген 4-өртті сөндіріп жатыр. Ұшқыш құтқарушымен біз де тілдесіп үлгірдік.
Ақерке Шопатаева, ұшқыш:
- Бұл өрт негізі үлкен көлемді алып тұрған апат деп санаймын. Негізі күніне кем дегенде 20-30 цикл жасаймыз, кеше, мысалы, 53 цикл жасадық. Барлығы өрттің алып жатқан аумағына байланысты, кейбір жерде су қоймасы алыс болады, ол кезде жұмыс циклы азаятын болады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Жел осы құтқару операциясына тұтастай кедергі келтіріп тұр. Тікұшақтар желге қарсы болса да қызметін үзбей жатыр. Жалпы алсақ, тек ғана бүгін бүкіл әуе күшімен 640 тонна су әуеден төгілді. Өрт басталғалы 6 мың тонна су шашылды. Жедел штаб жұмысы жалғасып жатыр. Дәл қазір негізгі күш Каштак орманшылығы маңында. Елді мекендерге қауіп жоқ дейді штабтағылар. Бірақ жұрт алаңдаулы. Сондықтан да жедел желіге 190 адам хабарласыпты. Бірі үйімізге қашан қайтамыз, ауылымыз, мал-жанымыз аман ба деп сұраған тұрғындар. Сондай-ақ гуманитарлық көмек беру үшін мәлімет сұрағандар да көп екен.