Елде үй сатып алуға сұраныс саябырсыған
Қазақстанда тұрғын үй нарығы құлдырап, үй сатып алуға сұраныс саябырсыған.
Бірінші несие бюросының таратқан мәліметтеріне сәйкес, мамыр айында нарықтағы сату-сатып алу келісімшарт саны 20 процентке азайған. Бұл үрдіс ел аймақтарында да байқалады. Алматы қаласында үй сатып алу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 мыңға азайған.
Тұрғын үй нарығының құлдырауын сарапшылар бірнеше себеппен байланыстырады. «Біріншіден, қазір азаматтардың зейнетақы қорынан шешіп алып жатқан қаражаты анау айтқандай көп емес. Ол үй сатып алуға жетпейді. Оның үстіне «Отбасы банкке» бұрынғыдай пәтердің жарты құнын салып, бірден үй ала алмайсыз. Бұл да белгілі бір деңгейде нарықтың «сууына» әкелді», - дейді экономист-сарапшы Мақсат Халық.
Мақсат Халық, экономист:
- Екінші тағы әсер етіп тұрған ипотекалық дұрыс бағдарламалар да қалмады. Яғни, дәл қазір барып төлеп сатып алатын азаматтардың жоқ екені бір мәселе, ең болмаса ипотекаға қарайтын азаматтарда бар, бірақ 7/20/25 бағдарламасы лимит қойып тастады мысалға. Осы сияқты үрдістер, ипотекалық бағдарламалардың болмай жатқаны бұл да сұранысты төмендетіп жатыр.
Еркен Кокумбаев, сарапшы:
- Инфляция жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне әкелді. Ал халықтың табысы өзгеріссіз қалды. Бұл да нарықтағы тоқырауға әкеледі. Яғни, халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Жалпыға қолжетімді мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жоқ.
«Нарыққа қан жүгіртіп тұрған мемлекеттік бағдарламалар саусақпен санарлық. «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Алматы жастары» бағдарламалары азаматтардың белгілі бір топтарын ғана қамтиды. Ал екінші деңгейлі банктер ұсынатын ипотекалық бағдарламалардағы сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 18-22 процент аралығында. Жылдар бойы қарыздың қамытын кигізетін мұндай бағдарламаға баратындар аз. Жалпы, ипотекаға рәсімделетін пәтерлер нарықтың бар болғаны 25 процентін құрайды», - дейді мамандар. Ал қалған бөлігі қолма-қол ақшаға тиесілі. Алайда, бой бермейтін инфляция мен шарықтаған баға пәтер алуды арманға айналдырғаны жасырын емес.
БЛИЦ:
- 60 мыңға күн көріп жатыр. Кредиті бар, баласын асырап жатыр. Олар ешқандай үй алуды ойламайды. Сол себептен де, қазір үй алу, жер алу деген төмендеген деп ойлаймын.
- Бастапқы жарна үшін әлі қаражат жинай алмай келеміз. Бұл пәтер құнының 20-30 проценті. Алматыдағы пәтер бағасы шарықтап барады. Инфляцияның әсерінен жинаған қаражатымыз азайып кетті.
«Тұрғын үй нарығындағы тоқырау бағаның тұрақтануына әкелді. Тіпті кейбір аймақтарда пәтер бағасы төмендеген. Сатылатын пәтер көп, сұраныс жоқ. Зерттеулерге сүйенсек, Алматыда соңғы бес айда пәтер бағасы өспеген. Мұндай үрдіс 4 жылда бірінші рет байқалып отыр», - дейді сарапшылар.
Ләззат Ибрагимова "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы:
- Бүгінде біз жылжымайтын мүлік нарығындағы тоқыраудың куәсі болып отырмыз. Яғни, бағалар біркелкі деңгейді ұстап тұр. Әсіресе, жаңа тұрғын үйлер нарығында сұраныс азайды. Себебі, тұрғын үйдің бағасы өскенімен, азаматтардың табысы соған сай көтерілген жоқ. Алайда, бұл кезең депозит қаражатына пәтер алуды жоспарлап жүргендерге қолайлы.
Сарапшылар алдағы 8-9 айда нарық реттеледі деп болжам жасап отыр. «Құрылыс компаниялары азаматтарға пәтер сатып алудың түрлі жолдарын ұсына бастайды. Сондықтан, жылжымайтын мүлік алуды жспарлап жүргендер әліптің артын баққаны тиімді»,- дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Мұхит Құдықбаев