«Дала LIFE» слеті: Этнотуризмге жол

Ұлытауда балалар мен жасөспірімдер арасында «Дала LIFE» этнотуристік слеті өтіп жатыр.

Жобаның мақсаты - қазақ халқының ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптарын жастардың бойына сіңіру.  Дәстүрлі шара бұл жолы Бұланты өзені бойындағы Байқоңыр ауылында ұйымдастырылды.

Ең үздіктер ғана жолдама алатын «Дала LIFE» слетіне екінің бірі қатыса алмайды. Бәсекелестік жоғары. Жыл бойы озат білімі және үлгілі тәртібімен көзге түскен оқушылар іріктеледі. Бұл жолғы шарада ауданға қарасты 18 мектептен 50 бала қамтылды. Этнотуристік слеттің негізгі мақсаты – мәдени-рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Аптаға жалғасатын шарада оқушылар салт-дәстүр жоралғыларымен танысты. Ұлттық ойындардан сайысқа түсіп, тамақты да өздері әзірледі.  

Ақбота Әуезхан, оқушы:

- Біз бірінші, екінші күндері көрікті жерлерге саяхат жасадық. Ал бүгін салт-дәстүрлер күні. Қыздар бауырсақ пісіріп, құрт жасап үйренуде. Садақ ату, арқан тартыс, желке тартыс, қол күрес ойындарын ұлдар ойнады.

Оқушылар слетінің тағы бір бағыты – ішкі туризмді насихаттау. Аудандағы тарихи орындарды көпшілікке таныстыру. Сондықтан дәстүрлі шараның өтетін орны жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы демалыс лагері Бұланты өзені бойына тігілді. Оқушылар Қалмаққырылған жотасына, Қойлыбай әулие мазары мен Амангелді батырдың сарбаздары серттескен Дулығалы мешітіне саяхат жасады. Петроглифтер мен балбал тастардың тарихымен танысты.

Назерке Әбжамал, оқушы:

- Біз Қойлыбай әулиенің басына бардық. Ол кісі жайлы көптеген аңыздар естідік.  Бірінші естіген кезде біз өте таңқалдық. Себебі, олкісі туралы айтылған мәліметтерді мен ешқашан естіп көрмегем. Бұл мен үшін жаңа ақпарат болды. Ары қарай Дулығалы мешітіне бардық. Ол жер де өзінің атмосферасымен, архитектурасымен баурап алды десем де болады.

Спорттық туризм бағытында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар осы өңірге танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жайлы білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар ағаш отырғызып, тазалық акциясына да атсалысты.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева