Шымкентте ит-мысықтың қырылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте жануарларды уақытша ұстау пунктінде болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ит-мысықтың жаппай қырылып қалған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған еді. Жантүршігерлік көрініс жұрттың наразылығын тудырды. Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Әкімдік арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізіп жатыр.

Мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, жануарлардың арасында ауру тарап, соңы өлім-жітімге әкелген болуы мүмкін. Қазір мекеменің 4 қызметкері жұмыстан кетсе, директорға сөгіс жарияланды. Ал жергілікті белсенділер жануарларды уақытша ұстау пунктінде ешқандай жағдай жасалмағанын айтып дабыл қағып жатыр.

Бақдәулет Оразбаев, қалалық ПД басқармасының аға инспекторы:

- Еңбекші аудандық полиция басқармасы ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 316-бабы, 3-ші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жәйі анықталып жатыр.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық Ветеринария және ауыл шаруашылық басқармасының басшысы:

- Біз ол жаққа барып, жағдайды көрдік. Мекемеге қала бойынша ауланған жануарлар жеткізіледі. Соны бірі ауру болған. Барлығын бір жерге ұстағаннан өлім-жітім болып тұр. Ал ас-суы уақытылы беріліп тұрады. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.