Елімізде волонтерлік грант беру арқылы ынталандырылуы мүмкін
Волонтерлік қозғалысты ұзақ мерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек.
Ал бұл бағытта халықаралық ынтымақтастыққа басымдық беріледі. Еңбегімен еленген еріктілер жыл сайын марапатталады. Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халықаралық волонтерлер форумына қатысты.
Мемлекет басшысы ретінде мен «адамдар арасындағы дипломатия» қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары болады деп санаймын, - деді Президент.
Волонтерлер саны 200 мыңға жетті
Бейбітшілік және келісім сарайының іші бүгін ізгі жандарға толды. Халықаралық форумға 30-дан аса мемлекеттен және еліміздің барлық аймағынан еріктілер жиылды. Айналасына шуақ шашып жүрген бұл қыз-жігіттерді бүгінгі күннің батырына балауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, сөз басында волонтерлердің мерейін асырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын.
Қазір елдегі волонтерлік ұйымдар саны өсті. 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Ол жерде мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы әзірленді.
Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, игі іске үлесін қоса алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын. Былтыр елімізде Орталық Азия волонтерлерінің алғашқы форумы өтті. Осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Қ. Тоқаев: Волонтер болу – отаншылдықтың жарқын көрінісі
Волонтер болу – отаншылдықтың жарқын көрінісі. Президенттің форумда айтқан осы сөзін іспен дәлелдеп жүрген талай жастың бірі – Самал Дүйсенбаева. Павлодар облысынан келген. Жоғалған азаматтарды іздейді. 4 жылда із-түзсіз кеткен 100 шақты адамды тапқан. Ал өткен қыста Екібастұз жылусыз қалғанда, өзі сынды волонтерлермен бірге тұрғындарға көмек көрсеткен. Мұны нағыз патриотизм демей, немене?!
Волонтерлік грант беру арқылы ынталандырылуы мүмкін
Елде 2021-2023 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту жол картасы аясында бірқатар жоба табысты іске асырылды. Ал бүгін Мемлекет басшысы қайырымдылыққа қатысты бірнеше кешенді шара қабылдауды ұсынды. Сонымен алдағы уақытта стратегиялық бағыттар қамтылатын жаңа жол картасы әзірленеді. Екіншіден, еріктілер ісін есепке алатын жүйе енгізіледі. Бұл бастама волонтерлік қозғалысты ынталандыру үшін қажет. Сөйтіп, заңнамалық деңгейде тиімді шаралар қабылданады.
Үшіншіден, волонтерлік қозғалыс ұзақ мерзімді грант беру арқылы ынталандырылады. Бұдан бөлек, еріктілердің техникалық және кадрлық әлеуеті күшейтіледі. Бесіншіден, осы бағытта халықаралық ынтымақтастыққа басымдық беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Маған еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды. Шын мәнінде, ертеңгі жарқын болашаққа жету үшін біз бүгін батыл қадамдар жасауымыз керек. Бұл ұстаным экологиялық мәдениет пен саналы тұтыну дәстүрін қалыптастыру үшін өте өзекті. Ол үшін адамдардың сана-сезімі мен дүниетанымын өзгерту керек. Тек сонда ғана реформалардың нәтижесі тұрақты әрі мәңгілік сипатқа ие болады. Тұлғаның жеке үлгі көрсетуі және «тең – теңімен» қағидатын ұстануы волонтерліктің негізгі қозғаушы күші деп санаймын.
Еріктілер жыл сайын «Шапағат» медалімен марапатталады
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Қайырымдылық қылу біздің жұртқа тән. Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болу – қазақтың қанында бар қасиет. Әсілінде волонтерлік – ардың ісі. Соңғы 3 жылда елде волонтерлер қатары 4 есе көбейген. Енді оларды қолдау күшейе түседі. Форумда Мемлекет басшысы еріктілерді жыл сайын Шапағат медалімен марапаттаймыз деді.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы.