Ақтаудағы қазақ-неміс тұрақты инженерия институтына 60 студент қабылданады
Ақтаудағы университет базасында қазақ-неміс тұрақты инженерия институты ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Биыл қыркүйекте 60 студент қабылданады. Олар «Энергетика және экология инженериясы», сондай-ақ «Логистика» мамандығы бойынша 3 жыл оқиды.
Кейін Германияда білімін жалғастырады. Бүгін жаңа институт ғимаратының құрылысы басталады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер «уақыт капсуласын» салу рәсіміне қатысты.
Жаңа институт Президенттің елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалын ашып, өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында құрылды. Техникалық мамандар дайындау бастапқыда Гамбург және Вильдау техникалық университеттерінің бағдарламасымен жүреді. Келешек 8 бакалавриат және 6 магистратураға дейін кеңейтіледі. Биыл қабылданатын студенттер 3 жылдан соң Германияның жетекші оқу орындарында білім алады. Институттың алғашқы түлектері бүгін салынған «уақыт капсуласын» 2029 жылы ашады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Институт сұранысқа ие кадрларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде «жасыл сутегі» өндірісі саласына өз үлесін қосатын болады. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары сутегіге әлемдік сұраныс металл өңдеу, химия өндірісі және көлік тасымалы сияқты көптеген салаларда айтарлықтай артады.
Бұдан соң Үкімет басшысы мен шетелдік мәртебелі мейман Қарақия ауданында «жасыл сутегі» өндіретін зауыттың құрылысының алғашқы бұрғылау жұмыстарын іске қосты. Жоба былтыр Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған инвестициялар туралы келісім аясында жүзеге асады. Зауыт аумағында жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станциялары салынады. Бұл жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді. Ақтаудағы институт бітірген жас мамандар осында жұмысқа тұрады.
Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның Федералды президенті:
- Бүгінде екі елде де білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мен осы институт пен оның түлектерінің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Бұл – білім саласындағы өте маңызды жоба. Қос мемлекет арасындағы осы саладағы және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық одан әрі дами бермек. Осы жылы қыркүйек айында оқудың сәтті басталуына тілектеспін.
Айта кету керек, мұндай ауқымда «жасыл» сутегі өндіретін жобаның әлемде баламасы жоқ. Германия Федералды президентінің Маңғыстау өңіріне жұмыс сапары Құрық теңіз портының қызметімен танысуымен аяқталды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.