Алматы метросын кеңейту жұмыстары қарқын алды
Қазіргі таңда «Барлық» базары арқылы «Шығыс қақпасы» орталығына дейін ұзындығы 25 шақырымдық жедел рельсті көлік желісі және 3 жаңа метро станциясының жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Қалқаман» станциясының құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс.
Алматыда 200 мектеп ашылады, 80 медициналық мекеме салынады. Бұл – 2040 жылға дейінгі жоспар. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, 17 жылда қала тұрғындарының саны 3 миллионға жетуі мүмкін.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- 2022 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласының мәслихаты Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды бекітті.
Алматы тұрғындарының басын ауыртқан мәселе – көлік кептелісі. Қазіргі таңда қаладағы көлік қозғалысын шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жаңа бас жоспарда бірнеше көшеде айналма жол салу көзделген.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Үлкен Алматы айналма автожолына алты радиалды жолды ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Мөңке би көшесі бойынша қозғалыс ашық. Саин және Рысқұлов даңғылдары бойынша ұзарту жұмыстары жүргізілуде.
Алматы әкімдігі жол сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөліп отыр. Былтыр асфальтбетон қоспасына полимерлі материалдар қосылды. Соның арқасында бұл жолдардың төзімділігі артады.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Биыл 6 шағын ауданда 25 километр жаңа жол салуды және 200 километр орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 15 магистралдық жолдарда полимерлік қоспаларды пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте полимерлік қоспалар да пайдаланыла жүргізіледі.
Биылғы 5 айда Алматы экономикасына 484 млрд теңге инвестиция тартылды. 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Индустриалды аймақта 14 жаңа жоба іске қосылады. Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Газбен жүретін 600 автобус пен 100 троллейбус жолға шықпақ.
Авторы: Нұрқанат Қанапия