Ұзынағаш ауылында тірлігі табысты тігін фабрикасы жұмыс істейді

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында былтыр ашылған тігін фабрикасында 150 адам жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі жылы кәсіпорынды кеңейтіп, қызметкер санын 400-ге дейін көбейту жоспары бар. Бұл ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізеді, - дейді мамандар. Өңірде басқа жаңа жобалар іске асып жатыр. 

Біраз жыл үйде бос отырып қалған қыз-келіншектер тігіншілікке құлшына кіріскен. Бір жағы, көбінің сүйікті ісі. Екіншіден, еңбегіне қарай табысты арттыруға болады. 

Зарина Сұлтан, тігінші:

- 150 мың теңгеден жоғары өзімізге байланысты істеп жатқан жұмысымыз. Одан 300 мыңнан асыруға да болады.

Фабрика ашылғалы бері мемлекеттік тапсырыс жоспарын орындап жатыр. Күніне 350-450 әскери форма тігіледі. Жаңадан жұмысқа кірген қызметкерлерге технологтар техниканы жұмыс істеуді көрсетіп, үйретеді. Нәтижесінде 100-ге жуық әйел тігін машинкасының тілін меңгерді.

Анар Егізбаева, фабрика директорының орынбасары:

- Алдағы жоспарымыз осы Жамбыл ауданында осы жеңіл өнеркәсіпті әрі қарай дамыту мақсатында аудан тұрғындарын , жастарды әсіресе жұмыспен қамту мақсатында, тек киім емес, сонымен қатар аяқ киім өнеркәсібін де жұмысқа қоссақ деген мақсат, жоспарлар бар.

Жалпы алдағы 4 жылда ауданда 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. «Олардың жалпы құны 90 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады», - дейді аудан басшылары.

Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:

- Үлкен жобалар. Оның бірі – құс фабрикасын орналастыру. Жалпы құны – 74 млрд теңге. Одан кейін Қопа өңірінде алтын өндіру бағытында үлкен инвестициялық жобаны бақылауға алып отырмыз. Нәтижесінде ол бізге, осы ауданымыздың әлеуметтік - экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосады деген жоспар бар.

Жамбыл ауданы – негізінен аграрлық өңір. Кейінгі жылдары шағын және орта бизнестің қарқыны артты. Ауданда кәсіпкерлікпен 10 мың адам айналысады. Жыл басынан бері «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 920 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.