Құрбан айт қарсаңында малдың бағасы шарықтап кеткен
Тұрғындар Құрбан айт қарсаңында мал базарындағы бағаның шарықтап кеткенін айтады.
Мәселен Атырауда қойдың бағасы 150 мың теңгеге жеткен. Ал Ақтөбе облысында баға тұрақты. Облыс имамдары саудагарлерге үндеу жасап, қасиетті мерекеде қойдың құнын 70 мың теңгеден асырмауды айтқан.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Мал базарындағы мынадай тұсақтар қазір 60 мыңнан бастап, 80 мың теңгеге дейін барады. Ал мына тұрған Еділбай қойы Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылынан келген. Бұл енді 120 мың теңгеге бағаланып тұр.
Тұрғындар мал базарындағы баға қалтаға ауыр тиеді, дейді. Қазір ірі қой 130-150 мың теңгеге саудаланып жатыр. Ал бағландардың бағасы 50 мың теңгеге дейін барады.
Нұргүл Аманбаева, қала тұрғыны:
- Қойдың бағасы қымбат. Қолжетімді болса екен дейміз. Бірінің жағдайы жетеді, бірінікі жетпейді. Бірақ құрбандыққа барлығы шалады. Бір кішкентай қойды 5 мың теңгеге сойдырып жатыр. Былтыр үш мың еді, биыл 5 мың дейді. Масқара ғой.
Нариман Қияров, қала тұрғыны:
- Негізі қойдың бағасы 35-50-ге дейін болса нормально. 70-80, 90 мың деген қымбат. Арзан болса, халықтың жағдайы жететін болса жақсы ғой.
Саудагерлер малды көбіне Құрманғазы ауданы мен Батыс Қазақстан облысынан әкеледі. Олардың айтуынша, баға тасымалға байланысты. Қазір жанар-жағармай да қымбаттаған. Ал саудагерлер бағаны көп өсірмейміз, деп отыр.
Жәнібек Қанатов, саудагер:
- Қойдың бағасы жоғары. Судағы балықты ешкім асырап жатқан жоқ қой, соның өзінің бағасы 1500 теңге. Ал еттің келісі 2500. Нормально сияқты жалпы. Оны бағады, қағады, қырқитыны бар.
Асылбек Ермаханов, саудагер:
- Көтеріп алып сатамыз ғой. Көбіне Құрманғазы, Балқұдық, Сүйіндіктен келеді. Құмнан. Сосын Батыс Қазақстаннан келеді. Қазір осы екі жақтан келеді.
Қазір қалада 6 мал базары бар. Әкімдіктегілер төрт түлік бағасына мониторинг жасай алмайды. Ережені бұзғандарға қандай шара қолданатынын өздері білмейді. Дегенмен баға былтырғымен бірдей, деп отыр.
Руслан Дәулетов, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Мал базарынан алынған мәліметке сәйкес, бүгінгі күні баға өзгеріссіз. Сиыр малының бағасы 220-230 мың теңге аралығында, қой 40-45 мыңнан малдың ірілігіне, сапасына қарай 100-120 мың теңгеге дейінгі аралықта. Құрбан айт мерекесінің халық арасында кеңінен тойлануына қарай қала аумағында орналасқан мал сою цехтарында көзбен шолу, зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақтөбе
Ал көрші Ақтөбе облысындағы баға әлдеқайда төмен. Ірі қойлар 60-65 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал тоқтылар 45 мың теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін сауданалады.
Қалдыбек Сарин, кәсіпкер:
- Мына құрбан айтта айтып жатады ғой бағаны өсіреді, қосып сатады деп ондай болмайды. Енді бәріне бірдей жауап бермегенмен барлығы бірдей бағаны ұстап отыр. 50-55, 40-45 мыңнан жақсы жасқа толған малдар сатылады. Қойлар 60-65 мыңнан бар. Өзіміз бағып, алып келіп тұрмыз енді.
Шаруалар жалпы бағаның өсуіне жанар-жағармай мен жем-шөптің қымбаттауы әсер етеді, дейді. Десе де тұрғындар мал құнының қолжетімді болғанын қалайды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин