Қостанай облысында балалардың жазғы демалысына ₸500 млн бөлінді
Қостанай облысы бюджетінен балалардың жазғы демалысына жарты миллиард теңге бөлінді.
Бұл былтырға қарағанда екі есе көп. Қаржының басым бөлігі туристік өңірлік саяхатқа, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында сауықтыруға арналған. Алғаш рет бір жарым мыңнан астам дарынды ауыл баласы «Жаздық жолдама» жобасы аясында өңір аумағында ғана емес, Ақмола, Алматы облыстарындағы лагерлерде тегін демалады. Барлығы жазғы демалыспен 106 мың жеткіншекті қамту жоспарланып отыр. Олардың негізгі бөлігі мектеп жанындағы және қала маңындағы лагерлерде болады. Демалыс орындары маусым айының ортасынан жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні он лагердің тоғызында балаларды қабылдауға санитар дәрігердің рұқсаты бар.
Зәуре Елшібаева, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
- Тағы бір лагер Лисаков қаласында ашылады, Қандай меншік иелігінде болмасын олардың барлығы біздің бақылауда. Оның ішінде балалардың ас мәзірін, медициналық қызмет көрсету сапасын ерекше қадағалаймыз. Сондай-ақ лагер маңында, орман алқаптарында қауіпті жәндіктерге қарсы химиялық өңдеу жұргізіп отырамыз.