Қарағанды облысында экологтарға бейнежетон берілді
Қарағанды облысының экологтары енді тексеріске тек бейнежетонмен шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл сыбайлас жемқорлық қылмысының алдын алу үшін жасалды. Себебі соңғы кездері табиғат жанашырлары тарапынан ірі кәсіпорындарға бақылау азайған. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында айтылды.
Қарағанды өңіріндегі 332 кәсіпорын жыл сайын ауаға 600 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар таратады. Соны азайту үшін осыдан бірер жыл бұрын облыс әкімдігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 4 жылға арналған жол картасын әзірлеген болатын. Алайда осы күнге дейін жоспарлы 53 шараның тек 22-сі ғана орындалған.
Мұрат Төлеубаев, СЖҚІҚА Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы:
- Сіздердің кейбір кәсіпорындарға кешіріммен қарайтындарыңыз күмән туғызады. Мысалы, өңірдегі 16 кәсіпорын экология талаптарын өрескел бұзған. Сіздер оны жою жөнінде ұйғарым бергенсіздер. Енді сол талаптың орындалысын соңына дейін қадағалау керек қой. Ал сіздер еш негізсіз бақылауды алып тастайсыздар. Керісінше, екінші рет тексерулеріңіз керек еді.
Экология департаментінің мәліметінше, қоршаған ортаны ең көп ластап отырған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі кәсіпорындар екен. Әсіресе №2 жылу энергия орталығы, коксхимия өндірісі мен конвертор цехтарынан шыққан қою түтін қаланы басып, тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізіп жатыр. Оны азайту үшін қаржы құйып, өндірісті түгел жаңғырту керек, - дейді олар.
Бауыржан Құсайынов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті превенция басқармасының басшысы:
- Теміртау қаласындағы қоршаған ортаға таралып жатқан зиянды қалдықтардық 87%-і металлургиялық комбинатқа тиесілі. Соған қарамастан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы «Жол картасында» жоспарланған өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған 8 шараны жүзеге асырмаған. Салдарынан өндіріс қалдықтарын 8 мың тоннаға азайтамыз деген жоспар орындалмады. Оның үстіне олар тексеріске келген мемлекеттік экология инспекторларын комбинатқа кіргезбей қойған.
Енді бұған жол бермес үшін және сыбайлас жемқорлық қылмысының алдын алу үшін барлық экологтарға бейнежетон беріледі. Әзірге 10 данасын сатып алған. Жақын күндері тағы 10 жетон жеткізілмек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.